$ 521.67  592.46  6.32
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
26.10.2020, 17:55
Жаңалықтар

Пандемия: Air Astana, SCAT, Qazaq Air қанша шығынға батты?

Барлық халықаралық рейстердің 99 пайызы тоқтатылды 

Пандемия: Air Astana, SCAT, Qazaq Air қанша шығынға батты?
Фотоколлаж

Пандемия салдарынан әуе саласындағы дүниежүзілік табыстың көлемі 66 пайызға азайды. Көптеген әуе компаниялары банкрот жариялады. Ірі көлемдегі шығын қазақ авиакомпанияларын да айналып өтпеді. Air Astana, SCAT, Qazaq Air және Нұрсұлтан Назарбаев әуежайы пандемияға қалай төтеп беруде? Azattyq Rýhy тілшісі зерттеп көрді. 

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі берген ресми ақпарат бойынша, отандық авиакомпаниялар 2020 жыл басталғалы бері 235 млрд теңге кірістен айырылды. 

«Осы жылдың 3 ақпанынан бастап, 97 бағыт бойынша аптасына 440 халықаралық авиарейстердің орындалуы (442 жиіліктен 2 жиілікке дейін) немесе барлық халықаралық ұшулардың 99%-ы қысқартылды. Бүгінгі таңда 45 бағыт бойынша барлық ішкі әуе рейстері толық жаңартылды, жиілігі аптасына 497 рейс (күніне 71 рейс)»,- делінген ресми ақпаратта.  
ИАТА (International Air Transport Association) бағалауы бойынша, тасымалдау көлемін 2019 жылғы деңгейге дейін толық қалпына келтіру 2023 жылдан ерте жүзеге аспайды. 
«Ведомствоаралық комиссияның шешіміне сәйкес, бүгінгі күні 11 елмен (Түркия, Корея, БАӘ, Беларусь, Украина, Германия, Нидерланды, Өзбекстан, Қырғызстан, Египет, Ресей) аптасына 87 рейс жиілігімен 21 бағыт бойынша әуе қатынасы қалпына келтірілді.  Коронавирустық пандемияның таралуына байланысты жағдай жақсарғаннан кейін министрлік жаңа халықаралық рейстерді ашу бойынша жұмысты жалғастырады»,- делінген министрлік берген ресми ақпаратта.

ПАНДЕМИЯҒА БАЙЛАНЫСТЫ ҚАЗАҚСТАН ӘУЕ КОМПАНИЯЛАРЫ БАНКРОТ ЖАРИЯЛАЙ МА? 

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында коронавирус пандемиясының таралуын азайту бойынша енгізілген шектеулерге байланысты банкрот деп жариялаған авиакомпаниялар жоқ. 

ҚР Үкіметі мақұлдаған мемлекеттік қолдау шаралары авиарейстерді орындауды тоқтата тұруға және қысқартуға байланысты авиакомпаниялардың шығындарын белгілі бір көлемде өтеуге көмектеседі.

ЕЛОРДАЛЫҚ ӘУЕЖАЙДЫҢ ШЫҒЫНЫ ҚАНША? 

2020 жылдың 19 наурызынан бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында төтенше жағдай енгізілді. Режим күшіне енгізілген соң, ішкі және халықаралық жолаушылар рейсі толыққанды тоқтады. 

«Наурыз айынан бастап Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының жолаушылар ағыны 58%-ға, рейстер саны 48%-ға азайды. Ал кірістер 70%-ға төмендеді. Ішкі рейстердің 85%-ы қалпына келтіріліп, тіпті қыркүйек айында ішкі трафиктің көрсеткіші өткен жылдың көрсеткішімен тең болғанына қарамастан, ішкі трафиктің халықаралық трафикке қарағандағы табысы айтарлықтай аз. Себебі, ішкі рейстер дотацияланады. Дәл қазір халықаралық рейстердің 90%-ы тоқтап тұр», - деді Нұрсұлтан Назарбаев әуежайы баспасөз қызметі.

Айта кетерлігі, әуежай 30 наурыздан бастап карантин уақытына толығымен жабылды. Дегенмен, жүк және гуманитарлық рейстер елорда әуежайынан қатынап тұрды, репатриациялық рейстер де қабылданды. Сондай-ақ пандемияға қарамастан, әуежай 93% жұмыс орнын сақтап қалды. Яғни, өндірістегі жұмысшылар саны қысқартылмаған. 

AIR ASTANA-ның ТАЗА ШЫҒЫНЫ 10 ЕСЕГЕ АРТТЫ

Air Astana әуе компаниясының 2020 жылдың І жартыжылдығындағы таза шығыны 27,019 млрд теңгені құрады.

2019 жылдың қаңтар-маусымында таза шығын 2,724 млрд теңгені құраған еді. Осылайша, көрсеткіш 9,9 есе өсті.

«Авиатасымалдау қызметтеріне сұраныстың төмендеуі COVID-19 пандемиясына байланысты 2020 жылдың І жартыжылдығында кірістің айтарлықтай азаюына алып келді, соның нәтижесінде 2020 жылдың І тоқсанында топ 10,312 млрд теңге мөлшерінде таза шығынға ұшырады», - делінген Air Astana қаржы есептемесінде. 

Компанияның кірісі 44%-ға төмендеп, 79,029 млрд теңгені құрады. Оның ішінде жолаушылар тасымалы 47%-ға немесе 72,184 млрд теңгеге дейін төмендеді. 

SCAT ӘУЕКОМПАНИЯСЫНЫҢ ШЫҒЫНЫ 18 МЛРД ТЕҢГЕДЕН АСТЫ 

«Егер авиакомпанияның шығындарын ҚР-дағы ТЖ режимі кезеңінде ғана бағалайтын болсақ (наурыз-сәуір 2020), бұл үлкен шығын. Салықтық және басқа да міндетті төлемдер, әуе кемелерінің ұшу жарамдылығын қолдау, жолаушыларға орын алмаған ұшулардың құнын қайтару, репатриациялық рейстер бойынша шығыстар, қызметкерлерге жалақы төлеу, ӘК ғимараттары мен тұрақ орындарын жалға алу бойынша шығыстар және т.б. — бұл авиакомпанияның тек 2020 жылғы наурыз-сәуір кезеңінде 5,6 млрд теңгеден астам тікелей шығындарын құрады. Егер тікелей шығындардан басқа авиакомпанияның осы кезеңдегі толық алынбаған кірісі ескерілсе, сома 18 млрд теңгеден асады», - деді SCAT әуекомпаниясы АҚ Қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Виктория Старожилова.

2019 жылдың қорытындысы бойынша, SCAT әуекомпаниясы 2 200 000 жолаушыны тасымалдады. Ал елдегі ТЖ режимі кезінде SCAT шамамен 3 000 рейсті тоқтатуға мәжбүр болды. Бұл 98 000-нан астам билет.  

«Қазіргі уақытта авиакомпания үшін «пайдаға шығу» мерзімдерін бағалау өте қиын. Олар тек ел ішінде ғана емес, халықаралық бағыттарда да әуе қатынасын іске қосуға тікелей байланысты. Біздің ең оптимистік болжамдарымыз бойынша, 2019 жылдың көрсеткіштеріне шығу үшін SCAT әуекомпаниясына шамамен 1,5-2 жыл қажет болады»,- деді SCAT әуекомпаниясы АҚ Қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Виктория Старожилова.

SCAT әуе компаниясының меншігінде АҚШ пен Канадада жасалған 22 ұшақ бар. Олардың барлығы Қазақстанда тіркеуде тұр. 

QAZAQ AIR ШЫҒЫНЫ 2 МЛРД ТЕҢГЕГЕ БАҒАЛАНДЫ 

Ал Қазақстан аймақтарына ұшатын QAZAQ AIR әуе компаниясы қазіргі жағдайда бірнеше ішкі рейстердің орындалып отырғанын айтты. 

«Нарықтағы тез өзгеріп отырған дағдарыстық жағдайды ескере отырып, QAZAQ AIR дағдарысқа қарсы шараларды қабылдаумен өзінің орта мерзімді бизнес жоспарын биыл екі рет өзгертті. Негізгі екпін еңбек пен қаржы ресурстарын сақтауға, сондай-ақ қызметті тез қалпына келтіру мүмкіндігін жасауға аударылды. Осы тәсілдің арқасында рейстердің қалпына келтірілуі қамтамасыз етіліп, жаңа рейстер ашылды. Мысалы, Нұр-Сұлтан – Тараз (аптасына 4 рейс), Алматы – Жезқазған (аптасына 2 рейс) және тағы басқа», - деді QAZAQ AIR компаниясының қаржы директоры Әділбек Умралиев.

Әділбек мырзаның берген ресми ақпараты бойынша, пандемия салдарынан 2020 жылы болуы мүмкін зиян 2 миллиард теңгеге бағаланып отыр. 

АЗАМАТТЫҚ АВИАЦИЯНЫ АМАН АЛЫП ҚАЛУ МҮМКІН БЕ? 

Отандық авиакомпаниялар мен әуежайлардың залалдары мен банкроттығының алдын алу мақсатында ҚР Үкіметі бірнеше қаулы қабылдады.

«20 сәуірдегі № 224 және 24 мамырдағы № 307 қаулыларға сәйкес, азаматтық авиация саласы өкілдерінің салықтық жеңілдіктері бойынша шаралар орындалды. Атап айтқанда, кейбір салықтардың, әлеуметтік төлемдердің (шағын және орта әуежайлар, авиакомпаниялар үшін биылғы 1 сәуірден бастап 1 қазанға дейін, ірі авиакомпаниялар үшін биылғы 1 сәуірден бастап 1 шілдеге дейін) және мүлік салығының ставкаларына «0» түзету коэффициентін белгілеу (биылғы 20 сәуірдегі № 224 ҚРҮҚ). Ұшақтарға импортталатын қосалқы бөлшектерге және резидент емес үшін ҚҚС төлеу бойынша (биылғы 24 мамырдағы ҚРҮҚ № 307) және жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемнен және жер салығынан (биылғы 24 мамырдағы ҚРҮҚ № 307) босату»,- делінген Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жауабында. 

Президент Жолдауына (2020 жылғы 1 қыркүйектегі) сәйкес, экономиканың неғұрлым зардап шеккен салаларында, оның ішінде ШОБ субъектілері үшін әлеуметтік төлемдер мөлшерлемелеріне «0» түзету коэффициентін белгілеу мерзімі осы жылдың соңына дейін ұзартылды.

Сымбат Ғалымжан,  Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары