Қазақстандағы жүргізуші куәлігінің жаңа үлгісі жарияланды
Куәліктің сыртқы жағында мәліметтерді енгізу үшін арнайы чип орнатылатын болады
Қазақстанда жүргізуші куәлігі мен көлік құралын тіркеу туралы куәліктің жаңа нұсқасы бекітілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесінде ҚР Ішкі істер министрінің 2019 жылғы 2 қарашадағы № 953 бұйрығы жарияланды. Қабылданған құжат мәліметтеріне қарағанда, жүргізуші куәлігінде елеулі өзгерістер орын алмаған, тек интегралдық чип (микросызба) беткі жағынан сыртқы жағына қарай ауыстырылған. Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының көлік құралын тіркеу туралы куәліктің жаңа үлгісінде айтарлықтай өзгерістер болған.
Құжаттың беткі жағында көлік құралы туралы және оның иесі туралы мәліметтер жазылған. Ал куәліктің сыртқы жағында мәліметтерді енгізу үшін арнайы чип орнатылатын болады.
Айта кету керек, жаңа үлгідегі жүргізуші куәлігі 2020 жылдан бастап беріле бастайды.
ІІМ бұрын берілген жүргізуші куәліктері мен көлік құралын тіркеу туралы куәліктерді ауыстырудың қажеті жоқ екенін айтты.
«Жүргізуші куәлігі қызмет мерзімінің уақытында жарамды бола береді (жүргізуші куәлігі берілген күннен бастап 10 жыл бойы, КҚ тіркеу туралы куәлік – оны кейін ауыстырғанға дейін). Аталған құжаттарды беру үшін мемлекеттік баж мөлшері өзгермейді және ол бұрынғыша 1,25 АЕК-ті құрайтын болады», - делінген хабарламада.