Қазақстанда құс тұмауынан 870 мыңнан астам құс қырылды

Ветеринариялық препараттардың республикалық қорынан құс тұмауына қарсы 4,4 миллион доза вакцина бөлінді

Қазақстанда құс тұмауынан 870 мыңнан астам құс қырылды
Фото: ашық дереккөзден

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Қазақстанда құс тұмауынан 870 мыңнан астам бас құс қырылғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Министрдің айтуынша, Қазақстанда бұл ауру 2005 жылдан бері болмаған.

«2020 жылдың 22 қыркүйегі мен 19 қазаны аралығында 7 облыста құстардың өлімі тіркелді. Жеке аулаларда 26,5 мың бас, үш құс фабрикасында 847,4 мың бас құс қырылды. Осылайша, барлығы 873,9 мың бас құс ауру салдарынан қырылып қалды, бұл елдегі жалпы құстың 1,9 пайызын құрайды», - деді Омаров. 

Құстар қырыла бастаған кезде министрлік пен өңірлер жанынан жедел штаб құрылған. 

«Инфекцияның әрбір ошағына карантин енгізілді және Омбы, Челябі облыстарынан құстар мен құс өнімдерін әкелуге және әкетуге уақытша тыйым салынды, инфекция ошағын оқшаулау және жою бойынша шаралар қолға алынып, дезинфекция жүргізілді. Ветеринариялық препараттардың республикалық қорынан құс тұмауына қарсы 4,4 миллион доза көлемінде үй құстарына мәжбүрлі вакцинациялау жүргізу үшін қосымша вакцина бөлінді», - деп толықтырды министр. 

Омаров қазір барлық 7 облыстың жеке аулаларында өлім тоқтатылғанын, үш құс фабрикасында құстардың өлімі төмендегенін хабарлады. Ауру құстарды жою және олардың иелеріне құнын өтеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.