ШұғылСоңғы бір аптада коронавирустан 44 қазақстандық қайтыс болды

СҚО-да карантин талаптарын бұзудың 60-қа тарта фактісі тіркелді

Пандемия басталғаннан бері СҚО-да карантин талаптарын бұзудың 1728 фактісі тіркелді 

Фото: ашық дереккөзден

Өткен демалыс күндері Қызылжарда полиция, прокуратура және СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің өкілдерінен құралған топ карантин талаптарының бұзылмауын қадағалау мақтасында мониторинг жұмыстарын күшейтті. Екі күнде өңірде шектеу шараларын бұзудың 58 фактісі тіркелген. Жүргізілген рейд карантин талаптарының күшейгеніне қарамастан кафе, бар, мейрамханалар мен демалыс базалары заңға қайшы әрекеттерін жүзеге асырып отырғанын көрсетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.     

«Грин парк» ойын-сауық кешенінде сенбі күні бірден 3 жиын өткізілген. Карантин талабын бұзу фактісі бойынша 4 әкімшілік хаттама толтырылған. Демалыс орнының әкімгері мен той иелеріне айыппұл салынып, меймандар уақытынан бұрын тарқасуға  мәжбүр болған. Осындай жағдай «Сосновый бор» және «Березовая роща» демалыс орындарында да қайталанды. Ал Аяған Шәжімбаев көшесінде орналасқан коттедждердің бірінде үйлену тойы жасалған. Семашко көшесінде де «жасырын той» жасап жатқандар ұсталған. 

Облыстың бас санитар дәрігерінің қаулысын бұзған асханалар мен кафелер де анықталды. 

«Адамдардың қауіпсіздік шараларын сақтауын күшейту мақсатында әкімшілік шаралар қолданылды. Түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бірақ бұл аздық етіп отыр.  Біздің басты міндетіміз – жұқпалы аурудың таралуының алдын алу. Жиналған барлық әкімшілік материалдар алдағы уақытта тиісті шараларды жүзеге асыру мақсатында санитарлық қызметке жолданды», деді СҚО Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев.

Пандемия басталғаннан бері СҚО-да карантин талаптарын бұзудың 1728 фактісі тіркелді. 

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Тегтер: