Алматыда колледждерге талап күшейтілді

Қазір қалада техникалық және кәсіптік бағытта білім беретін 104 білім беру ұйымы бар

Алматыда колледждерге талап күшейтілді
Фото: ашық дереккөзден

Алматыда колледждерге техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламалары бойынша мамандарды даярлауға қойылатын талаптар күшейтілді. Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауда қолжетімді және сапалы білім берудің маңыздылығын атап өтті. Еңбек нарығындағы сұранысқа қарай кәсіптік білім берудің барлық жүйесін қайта қаралатын болады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. 

Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифинг барысында Алматы қаласы білім беру сапасын қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнар Ермекбаева колледждер мен кәсіптік білім беруге орай бірнеше мәлімдеме жасады. Қазір қалада техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламалары бойынша лицензиясы бар 104 білім беру ұйымы тіркелген. Оның ішінде 35-і – мемлекеттік колледж, 61-і – жекеменшік оқу орындары. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 27 қыркүйектегі бұйрығымен орта білімнен кейінгі біліктілікті арттыру мен мамандық алуға 15 бағыты бойынша рұқсат берілген. 

«Техникалық және кәсіптік білім берудің мамандануы салалық бағыттар: техникалық, технологиялық, ауыл шаруашылығы, құрылыс және коммуналдық шаруашылық және т.б. бойынша неғұрлым нақтыланатын болса, бұл өңірдің оқу орындарында мамандықтардың қайталануын болдырмайды. Техникалық және кәсіптік білімі бар мамандарды даярлауға мемлекеттік тапсырысты бөлу кезінде мемлекеттік тапсырысты орналастыру жөніндегі комиссия мүшелері бірінші кезекте колледждерді бейіндеуге баса назар аударуы тиіс»,- дейді департамент басшысы.

Енді техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының білім беру қызметіне қойылатын талаптарға, міндетті шарттарына төмендегі тармақтар қосылды:

  •  Колледждердің соңғы 2 жылда мамандығы бойынша білім алушыларды үздіксіз қабылдауды жүзеге асыруы;
  •  Мамандық бойынша білім беру ұйымдары түлектерінің жұмысқа орналасуы және жұмыспен қамтылуы туралы мәліметтер, бұл ретте мамандық бойынша бітірушілердің жалпы санынан жұмысқа орналасқандардың және жұмыспен қамтылғандардың үлесі 75%- дан кем болмауы.

Биыл қалада талаптарды бұзып, біліктілік бойынша лизензиясын қайтарып берген 5 колледж анықталды. 

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.