Алматыдағы ұшақ апаты: сот Bek Air шағымын қанағаттандырмады
Келесі сот отырысы 28 қазанда өтеді

15 қазанда Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының қорытынды отырысы өтті. Сот бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдыру, ал Bek Air компаниясының апелляциялық шағымын қанағаттандырмау туралы шешім шығарды.
Естеріңізге сала кетейік, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті бірінші талап арызды 2020 жылғы 21 ақпанда берген болатын, онда 54,2 млн теңге сомасына билет сатып алған 909 тұтынушының мүдделеріне өкілдік етті.
17 маусымда Алматы қаласы Түрксіб аудандық соты комитеттің талап-арызын қанағаттандырды, соттың бұл шешіміне 15 шілдеде Bek Air компаниясы апелляциялық шағым түсірді.
Кезекті сот отырысы 21 қазан сағат 12:40-қа белгіленді.
Bek Air ұшақ апаты 2019 жылдың 27 желтоқсанында болды. Лайнер Алматы әуежайының маңында құлады. Бортта 93 жолаушы және экипаждың бес мүшесі бар еді. Апат салдарынан 12 адам қаза тапты.
Сәуірде Қазақстанның авиациялық әкімшілігі әуе компаниясының тоғыз әуе кемесінің пайдалану және ұшуға жарамдылық сертификаттарын кері қайтарып алды.
Компания заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы орындамағандықтан, пайдаланушы сертификаты кері қайтарылды.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті бүгінге дейін Bek Air әуекомпаниясы ақшасын қайтармаған адамдардың мүддесін қорғау бойынша сотқа үш рет арызданды.