Қазақстанда несие алуға қабілетті 9 млн адамның 7 млн-ы банкке қарыз
Пандемия жағдайды одан сайын ұшықтырып отыр

Елдегі несие алуға қабілетті 9 миллион тұрғынның 7 миллион 200 мыңы банкке қарыз. Бірінші несие бюросының мәліметі - осы, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына көрсетіп
Пандемия жағдайды одан сайын ұшықтырып отыр. Қазір несиесін өтей алмайтындар күрт көбейген. Екінші деңгейлі банктер мен қаржы ұйымдарының қысымы да күшейген. Несиесін уақытында төлей алмаған тұрғындарға коллекторлық қызмет тыным бермеуде.
Алматы қаласының тұрғыны Артемий Лебедевтің несиені уақытынан кешіктіргеніне үш ай болған. Тұрақты жұмысынан айырылған оның жағдайын қаржы ұйымы ескермек түгілі, қарыз үстіне қарыз еселеп берген. Тіпті, тағы кешіктірсе үйіндегі мүлкін тәркілейтіндерін айтып қорқытқан. Тығырыққа тірелген соң, қаржы ұйымынан алған 20 мың теңгесі де бірнеше есеге өсіп кеткен.
Банк алдындағы беделі түскен тұрғындардың мәселесін шешумен айналысатын заңгерлердің айтуынша, елімізде несие өтей алмағандар саны күрт артқан. Мысалы, бүгінде 1 млн. 375 мың адамның есеп шоты бұғаттаулы. Жеке сот орындаушыларына өткен берешек көлемі 7 триллион теңгеге жуықтайды. Несие бойынша артық пайызды байқаған кез-келген адам заңгерге немесе ұлттық банкке жүгіне алады, дейді мамандар.
Ал, бірінші несие бюросының мәліметінше елдегі несие алуға қабілетті 9 миллион тұрғынның 7 миллион 200 мыңы банкке қарыз. Оның жалпы сомасы 3,5 триллион теңгені құрайды. Мамандар, несиені төлеуден қашудың пайдасыз екенін айтады. Одан да банкке барып, шешу жолдарын қарастырған жөн деді.
«Қазіргі уақыттағы статистика бойынша 19 пайыз борышкер қиын жағдайды бастан кешіріп жатыр. Яғни, төлем жасай алмауда. Бірақ, олардың банктен қашып жүруі дұрыс емес. Одан да банкке барып, қарызды бірнеше айға тоқтатып тұруын сұрауға болады. Болмаса, аздан бөліп төлеуге болады «», - депті Бірінші несие бюросының атқарушы директоры Әсем Нұрғалиева.