СҚО-да 16 қазаннан бастап карантин күшейтіледі
Бірқатар нысанның жұмыс кестесіне өзгеріс енгізіледі

Солтүстік Қазақстан облысының бас санитар дәрігері өңірде коронавирус жұқтырғандар санының өсуіне байланысты жаңа қаулысын жариялады. Бас санитар дәрігер Серікбай Қасмақасовтың жаңа қаулысына сәйкес, 16 қазаннан бастап облыс аумағында карантин талаптары күшейтіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Сауда ойын-сауық орталықтары, азық-түлік, киім-кешек сататын дүкендер, монша және сауналардың жұмыс кестесі 22.00-ге дейін қысқарады. Ашық аспан астында және ғимарат ішінде орналасқан қоғамдық тамақтану нысандарындағы орын саны 50-ден 30-ға дейін азайтылып, сағат 22.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Демалыс және мереке күндері аталған объектілер тамақты жеткізіп беру қызметі бойынша ғана жұмыс істейді.
ҚР Еңбек заңнамасына сәйкес мереке және демалыс күндері келесі насындардың жұмысы уақытша тоқтатылады:
Жабық азық-түлік емес сауда, спорт, фитнес, жаттығу (тренажер) залы, бассейн, сауда орталықтары, сауда үйлері. Дәріханалар мен азық-түлік дүкендері жұмысын жалғастыра береді.
Сондай-ақ демалыс күндері қоғамдық көлік қозғалысы тоқтатылады.
Сенбі-жексенбі күндері тұрғындарға саябақтар, жағажайлар мен демалыс орындарына баруға тыйым салынады.
Штаттық кестеге сәйкес, қызметкерлер саны 30 адамнан артық болса, олардың 50 пайызы қашықтан жұмыс істеу кестесіне ауыстырылуы тиіс.
Пандемия басталғалы бері СҚО-да коронавирус жұқтырған 4257 адам тіркелді. Оның 182-і (4,3%) сырттан келгендер. Індеттен 24 адам қайтыс болды. Өткен тәулікте қауіпті инфекция жұқтырған 14 адам тіркелді.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО