СҚО-да құстар қайтадан қырылып жатыр
Өлген құстардың саны анықталып жатыр

Солтүстік Қазақстан облысында құстар тағы қырыла бастады. Бұл жолы құс тұмауы Қызылжар ауданына қарасты Малое Белое ауылында орналасқан фабрикада анықталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.
Осыған байланысты ветеринарлар мұнда оқшаулау жұмыстарын жүргізіп, өлекселерді жоюды бастап кетті. Әзірге қанша бас өлгені туралы нақты ақпарат жоқ. Бірақ шамамен мұнда 600 мыңға жуық құс бар екен. Ал олардың барлығына екпе жасалған. Қазір осы фактіге байланысты аталған кәсіпорынның өнімдерін саудалауға қатаң тыйым салынды. Ал өңірде мұның алдында өлген құстарға өтемақы төлене бастады.
«Қазіргі кезде құс фабрикасында өлім-жітімге ұшыраған құстардың саны анықталып жатыр. Өтемақы бойынша 122 құс иелерінің құжаттары республикалық індетке қарсы жасағына жіберілді. Оның 15-іне өткен аптаның соңында төлемдер өткізілді, 65 миллионға. 122 адам олар тек ғана қыркүйек айында жойылған құстардың иелері. Ал қазан айындағылар олар орта айлық бағасы анықталғанан кейін ғана берілетін болады», - деді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Берік Әлжанов.