Атырауда қаңтарылып тұрған жаңа 170 автобустың қашан жолға шығатыны айтылды
Автобустар 7,5 млрд теңгеге несиеге алынған
Атырауда жазда сатып алынған 170 жаңа автобус әлі жолға шыққан жоқ, себебі қоғамдық көліктер тек метан газымен жүреді. Бір автобус орта есеппен, 40 миллион теңге тұрады. Қоғамдық көліктерді әкелу үшін құрылтайшы 7 жылға 7 миллиард теңгеден астам қаржы несие алған.
Осы жағдай бойынша «Akzhaiyk Avtopark» ЖШС директоры Болат Бушанов жергілікті журналистермен кездесіп, мән-жайды түсіндірді.
«Біздің ЖШС Yutong ZK маркалы 170 автобусты сатып алуға «БРК-Лизинг» АҚ-мен 7,5 миллиард теңгеге қаржылық лизинг келісімшартына отырған еді. Бұл қаржы – автопарк пайдасының есебінен жеті жыл ішінде қайтарылатын ақша. Жаңа автобустардың моделіне байланысты техникалық сипаттамасы әртүрлі – 20 жолаушы орнынан 53 орынға дейін, салқындату және жылыту жүйесі, бейнебақылау камералары, пандус және т.б. бар. Бәрі метан газы арқылы жұмыс істейді», - дейді ол.
Оның айтуынша, бұл автобустар толық жеткізілмейінше, «жұмыстың орындалуы жөніндегі» актіге қол қоя алмайды екен. Бүгін олар лек-легімен жеткізілді, оған қоса карантин шектеулері кедергі болды.
«Автобустардың соңғы легі 24 қыркүйекте келді. Метан газын құю кешенінің құрылысы да пандемияға байланысты тұрып қалды. Сондықтан бұл жерде әкімдіктің кінәсі жоқ», - дейді Бушанов.
Ал, көлікке газ құю кешенінің құрылысын қарашаның соңына дейін аяқтау жоспарланған (нысан «Akzhaiyk Avtopark» аумағында орналасқан) – автобустар да сол кезде желіге шығарылады.