Битумсыз асфальт: тұрғындар бюджет есебінен жөнделіп жатқан жол сапасын сынға алды

Автор: Azattyq Rýhy

Ақмола облысында 31 млн теңге бөлінген 9 шақырымдық жол аяқталмай қалған

Көкшетаудан он сегіз шақырым жерде Елікті дейтін шағын ауыл бар. Тұмса табиғаты бар таулы жерде туристер қыста шаңғы теуіп, жазда демалыс орындарында уақыт өткізеді. Дегенмен, ауыл тұрғындарын алаңдататын мәселе әлі де көп. Жылдар бойы ауыз су тапшылығын көріп келеді. Жолдың сапасы сын көтермейді. Ауылдан 9 шақырым жердегі Көкшетау – Қостанай күре жолына жету тұрғындар үшін азапқа айналған. Ой-шұңқыры көп жолда көлікпен жүру өте қиын. Дәл осындай мәселе Зеренді ауданының тағы бір ауылы Шағалалыда да бар. 

Мемлекеттік бағдарлама арқылы бюджеттен жол жөндеуге қыруар қаражат бөлінген. Алайда, жол жөндеу жұмыстары басталғанымен, аяқталмай қалған. Есімін өзгертіп беруді өтінген Максим Еремин (шартты есімі – авт.) есімді тұрғын жауын-шашын болған күндері 9 шақырым жолды көлікпен жүру мүмкін емес екенін айтып шағымданды.

«Елікті ауылынан Көкшетау-Қостанай трассасына дейінгі 9 шақырым жолды жөндеуді осыдан екі жарым ай бұрын бастаған. Жол қазылып, жағдай бұрынғыдан да қиындап кетті. Онсыз да ой-шұңқыры көп жолды құрылысшылар келіп қазып, сол күйі тұр. Жауын-шашын болған күндері көлікпен жүру мүмкін емес. Ешкім келіп тексермейді. Жолдың жағдайы туралы аудан әкімдігіне айғақ ретінде бірнеше рет фото, видео жіберіп, сапасыз жұмысты жөндетуді сұрадым. Уәде бергеніне айдан асты. Қазір жауап беруді де қойды. Ауыз су тапшылығын да көріп келеміз. Жалғыз су ұңғымасы болатын. Оның істен шыққанына он жылдай болды. Тұрғындар суды көлікпен тасып ішеді. Шағалалы ауылында да дәл осындай жағдай. Асфальт битумсыз төселіп жатыр. Онысы алғашқы жаңбыр жауғанда тесіле бастады. Қазір екі ауыл тұрғындары да жол азабын тартып келеді.

Қазір екі ауыл тұрғындары да жол азабын тартып келеді. Осы жаздың басында жол бойынша жұмыс жасаған жұмысшылардың одан кейін қарасы да көрінбеді. Ал, қазылып қойылған жолға битум құйылып, асфальт төселуі тиіс болса да сол тесілген күйі жатыр. Қазылып тасталған жолдардың бойынан көліктер өте алмайды. Ойлы-шұңқыр болғандықтан айналма болса да кәдімгі дала жолымен жүруге мәжбүр болған. Ал қатты жаңбыр кезінде ол да езіліп, жол батпаққа айналады. Зеренді ауданы әкімдігіне бұл туралы бірнеше мәрте хат жазып, мәселені тезірек шешуін сұрадық. Бірақ, жергілікті билік өкілдерінің біздің қиналып жүргенімізбен шаруасы да жоқ.Ешкім жүргізілген жұмыстардың сапасына жөндеп назар аударған жоқ.  Ауыл тұрғындары жол жөндеу жұмыстары сол күйі аяқсыз қалып қойғанына қапалы», - дейді ол.

Аудан әкімдігінің мәліметінше Елікті ауылындағы тоғыз шақырым жолды жөндеуге мемлекеттік бағдарлама аясында 31 миллион 67 мың теңге көлемінде қаражат бөлінген. Әкімдік жол мәселесін битумның жетіспеушілігімен түсіндірмек болды.

«Көкшетау – Қостанай трассасынан Елікті ауылына дейінгі тоғыз шақырымдық жолды жөндеу маусым айында басталған. Бірақ асфальт зауыттарындағы битумның тапшылығынан асфальт төсеу жұмыстары уақытша тоқтап қалды. Жұмыстардың жартысына жуығы аяқталды. Жоба бойынша жалпы ауданы 8 мың шаршы метрдегі ой-шұқырды жөндеу қарастырылған. Мемлекеттік бағдарлама аясында Шағалалы ауылында да жол жөндеу басталып, барлық жол учаскесі фрезерленген. Жұмыстардың басым бөлігі аяқталған, қалған жұмыс асфальт битумының болмауына байланысты уақытша тоқтатылды. Қазір жөндеу жұмыстары одан ары жалғасуда. Айдың соңына дейін жұмысты толықтай аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бағдарлама аясында Елікті ауылының су құбыры желісі де жөнделіп жатыр. «ПавлодарЭнергоМонтаж» ЖШС мердігер компаниясы ұңғыманы тазалау және су тарту жұмыстарын жүргізді. Жөндеу жұмыстарына қажетті материалдар мен арнайы техникалар жеткізілуде. Жобамен ұзындығы төрт шақырымнан астам су құбыры желісі мен су айдайтын мұнараны және ұңғыманы жөндеу қарастырылған. Бұл істі де осы айдың соңына дейін аяқтауды көздеп отырмыз», - дейді Зеренді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Марат Жүнісов.

Жолға жауапты мердігер компания өкілі жөндеу жұмыстары он күнде аяқталатынын айтты.

«Жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Фрезерленген учаскелерге асфальт төселіп жатыр. Алдағы он күн ішінде Еліктіден трассаға дейінгі жолды аяқтаймыз. Ал, Шағалалы ауылында аяқталмаған 200 метр жол учаскесі ғана қалды. Алдағы демалыс күндері бұл жұмыс аяқталуы тиіс. Елікті ауылының су құбырына қажетті материалдар жеткізілді. Жөндеу жұмыстары осыдан төрт апта бұрын басталған. Бастапқыда су құбыры желісі нақты жоспары болмай, уақыт жоғалттық. Қазір бәрі жоспарға сай жүріп жатыр. Дүйсенбі күні экскаватормен қазуды бастаймыз. Су құбырлары төселе бастайды. Айдың соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз», - дейді Олжас есімді мердігер компания өкілі.

Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы