Ережені бұзған 34 үміткер праймеризден аластатылды – «Nur Otan» партиясы
Тіркелген партиялықтардың 84,2%-ы өз дауыстарын берді
«Nur Otan» партиясы, партиялық бақылау комитетінің төрағасы Павел Казанцев праймериз кезіндегі комитеттің жұмысын қорытындылады. Оның айтуынша, жалпы науқан барысында ережелер сақталды. Дегенмен, регламентті бұзғандар да бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Осы жылдың 17 тамызы мен 4 қазаны аралығында барлық деңгейдегі партиялық бақылау комитеті мен комиссиялары 30-дан астам шағым мен өтінішті қарады. Түрлі тәртіпбұзушылықтар үшін праймеризге қатысудан 34 үміткер алынып тасталды. Оның ішінде 28 адам дебатқа қатыспағаны үшін аластатылды. Дебатқа қатысу ережеге сәйкес міндетті саналады. Ең көп шағымдар мен заңбұзушылықтар Нұр-Сұлтан қаласында тіркелді», - деді Казанцев.
Естеріңізге сала кетейік, 4 қазанда «Nur Otan» партиясының праймеризінде дауыс беру аяқталды. Тіркелген партиялықтардың 84,2%-ы өз дауыстарын берді.