Нұр-Сұлтан әкімдігінде президенттік жастар резервінің 8 мүшесі жұмыс істейді
Алтай Көлгінов резерв мүшелерімен кездесті
Елорда әкімі президенттік жастар кадр резервінің мүшелерімен кездесті. «Ашық микрофон» форматында жастармен өткен кездесуде Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов елорданы одан әрі дамыту мәселелерін талқылады. Бұл туралы ол өзінің Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.
«Бүгін президенттік жастар кадр резервінің резервшілерімен урбанистика мен қала құрылысындағы тәсілдер, қоғамдық кеңістікті одан әрі кеңейту және қаланы қайта құру мәселелері талқыланды. Жас ұрпақтың салмақты тәжірибесі мен көзқарасы бар. Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған кадр резервіне алу олардың көпшілігі үшін өзіндік әлеуметтік лифт болды. Әкімдікке түрлі лауазымдарға 8 резервші жұмысқа қабылданды. Олар жақсы нәтижелер көрсетуде», - деп жазды қала әкімі.
Оның айтуынша, осындай кездесулер пікір алмасуға, халықтан кері байланыс алуға мүмкіндік береді.
«Бүгін резервшілер экологияны жақсартуға мүмкіндік беретін жүйелі шаралар қабылдаудың маңыздылығын атап өтті. Елорданы газдандыру Елбасының экология мен азаматтардың өмір сүру жағдайын жақсарту жөніндегі көреген шешімі болып табылады. Жеке секторды газдандыру және ЖЭО-ны газға ауыстыру ауаны айтарлықтай тазартуға мүмкіндік береді. Қазір қалада түтін байқалады. Газдандыру процесі бірнеше жылға бөлінген, оның барысында қала біртіндеп көмір қолданудан кетеді», - деді ол.
Қала әкімі ластанудың тағы бір факторы - көліктің көбеюі екенін, қоғамдық көлік паркі электр автобустарымен толтырылатынын атап өтті. Оның айтуынша, жыл басында осындай 100 автобус желіге шықты.