$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
02.10.2020, 15:11
Жаңалықтар

Праймериз: 400 мыңға жуық партиялық дауыс беріп үлгерді

«Праймериз» жүйесінің жұмысы қалыпқа түсті

Праймериз: 400 мыңға жуық партиялық дауыс беріп үлгерді
фото: Батыржан Беспаев

«Nur Otan» партиясының хатшысы Әлібек Әлденей «Праймериз» жүйесінің жұмысы қалыпқа түскенін айтты. Жүйедегі техникалық іркіліс шешімін тауып, енді партияластардың барлығы дауыс бере алады.

Осы сәтке дейін ел көлемінде 390 мыңнан аса партиялық таңдауын жасап үлгерді. Бұл – жүйеде тіркелген барлық адамның жартысына жуығы, яғни 49%-дан астамы.

«Интернетке кіру мүмкіндігі жоқ жерлерде тұратын партиялықтар ертең, 3 қазанда арнайы сайлау учаскелерінде қағаз бюллетеньдер арқылы дауыс бере алады. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, 82 214 партиялық қағаз бюллетень арқылы дауыс беру құқығын пайдаланады», - деп жазды ол.

Сондай-ақ партия хатшысы ақпараттық жүйедегі сұраныстарды өңдеуге байланысты іркіліс мен қиындық бойынша ахуалды жан-жақты түсіндірді.

«Электронды форматта дауыс беру Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орта Азияда тұңғыш рет өткізіліп отыр. Праймериздің алғашқы күнінен бастап біз жүйеге түсетін салмақтың аса ауыр болатынын түсіндік. Кешеден бері партиялықтар мен қоғам тарапының назары жаппай праймеризде дауыс беру барысына ауды. Техникалық ақау бір мезетте көп адамның ақпараттық жүйеге кіруінен туындап отыр», - деді партия хатшысы.

Кандидаттар мен олардың сенімді тұлғалары да онлайн режимінде дауыс беру барысын жіті қадағалап отыр. Кешеден бері жүйеде тұрақты түрде 50 мыңнан астам пайдаланушы отыр. Ауыртпалық негізінен екі бағытта: дауыс беру процесі мен нәтижесін белгілеуге түсіп тұр.

Ақпараттық жүйе мамандары түні бойы өндіріп жұмыс істеп, дауыс беру және оның нәтижесін қарау функциялары екі сервер мен интернет-сайтқа бөлінді. Дауыс беру vote.primaries.kz арнайы бөлімі арқылы жүргізіліп, ал нәтижелері primaries.kz порталында шығарылады.

«Енді дауыс беру нәтижелерін primaries.kz сайтында ғана көруге болады. Сондай-ақ, дауыс беру нәтижелерін өңдеу мен аралық қорытындыларын шығару кестесі де жаңартылды. Деректер әрбір 30 минут сайын жаңартылып отырады. Бір мезетте өте ауқымды көлемдегі сұраныстардың түсуіне байланысты дауыс беру нәтижелері баяу жүктелуі мүмкін. Техникалық қызмет жұмысы тәуліктік режимге көшірілді», - деді ол.

Сондай-ақ Әлібек Әлденей «Праймериз» жүйесі дауыс берудің құпиялылығын қамтамасыз ететінін, әрбір дауыс есепке алынып, өңделіп, жүйеде көрсетілетініне тағы да тоқталды.

«Праймеризде үгіт жұмыстарын жүргізу кезінде шынайы бәсекелестік болды деп санаймын. Дауыс берудің соңғы нәтижесі шыққанға дейін әлі уақыт бар. Тұжырым жасауға, қорытынды шығаруға әлі ерте. Барша праймериз қатысушыларын үгіттеу қарқынын бәсеңдетпей, соңғы сәтке дейін әрбір дауыс үшін күресуге шақырамын!», - деді партия хатшысы.

Партия хатшысы дауыс берушілерді мәжбүрлеуге және оларға қысым көрсетуге жол беруге болмайтынын ескертті. Дауыс беру талабын бұзудың алдын алуға тосқауыл қойылғанын, айыпты болғандарға тиісті шара қолданылатынын айтты. Партиялық бақылау комитеті күшейтілген режимде жұмыс жасауда.

«Осы орайда, қадап айтатын нәрсе – жалаң айыптау болмауы тиіс. Барлық арыз-шағымды нақты фактілермен негіздеу қажет. Қазір Партиялық бақылау комитеті Лаура Маликованың мәлімдемесінде айтылған дауыс беруді бұрмалау фактілеріне қатысты тексеру жүргізіп жатыр. Егер олар расталса, онда тәртіп бұзушылыққа жол берген кандидат додадан шығарылатын болады», - деп қатаң ескерту жасады.

Мысалы, Түркістан және Ақмола облыстарында партиялықтарды дауыс беруге мәжбүрлемекші болған азаматтар «Nur Otan»-нан шығарылып,  жауапкершілікке тартылды. Нұр-Сұлтан қаласында праймеризге қатысушы 3 кандидат тіркеуден шығып қалды. Олардың қатарында Алматы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары да бар. «Праймериз» ақпараттық жүйесінде партия мүшелерін тіркеу кезінде тәртіп бұзушылыққа жол бергені үшін Балқаш қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасарына, «Ардагер» БПҰ, «Гүлдер» БПҰ, «Станция Балхаш» БПҰ мен «Шипагер» БПҰ төрағаларына тәртіптік жаза қолданылды.

«Тәртіп бұзушылықтар мен жазалаулар туралы мәліметтерді ақпарат құралдары арқылы жариялап отырмыз. Партия праймеризді барынша ашық, әділ және шынайы бәсеке түрінде өткізуге мүдделі», - деп қорытындылады сөзін.

Кез келген тәртіп бұзушылық бойынша (800) 080 4441 (қоңырау шалу тегін) жедел желісіне немесе komek@nurotan.kz электронды почтасына хабарласуға болады.

Серіктес жаңалықтары