LRT ісі: 5,8 млрд теңге жымқырғандарға қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды

Автор: Azattyq Rýhy

Қанат Сұлтанбеков пен Талғат Ардан халықаралық іздеуде жүр

Фото: sputniknews.kz

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жеңіл рельсті көлік жобасын іске асыру кезінде 5,8 млрд теңгені жымқыру фактісі бойынша Астана қаласы әкімдігінің, «Астана LRT» ЖШС және басқалардың лауазымды адамдарына қатысты қылмыстық істі аяқтап, сотқа жолдады.

Сотқа 7 адам берілді. Қ.Сұлтанбеков және Т. Арданға «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасымен халықаралық іздеу салынды.

«Айыпталушылардың кінәлілік дәрежесі туралы түпкілікті шешімді сот анықтайды. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының тәртібімен және тергеу мүддесіне сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды», - делінген агенттік хабарламасында.

2021 жылдың 31 қаңтарында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі екінші департаментінің жетекшісі Сергей Перов «LRT ісі» бойынша қашып жүргендердің арасында елге келгендер жоғын, қылмыстық істе 10 фигурант барын айтты.

Интерпол бұрынғы қала әкімінің орынбасары Қанат Сұлтанбековке, бұрынғы «Astana LRT» басшысы Талғат Арданға және жеке компания басшыларының бірі Дәурен Абдулхамитовке іздеу салуда.