«Көлсай көлдері» ұлттық паркі ЮНЕСКО-ның әлемдік биосфералық резерваттар тізіміне кіруі мүмкін
Шешім келер жылдың маусым айында қабылданады
«Көлсай көлдері» ұлттық мемлекеттік табиғи паркі ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік биосфералық резерваттар желісіне қосылуы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Бұл туралы Экология министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаевтың қатысуымен өткен «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің даму тұжырымдасының таныстырылымы барысында айтылды.
«Кеше Париждегі біздің дипломаттарымыз «Көлсай көлдерін» ЮНЕСКО бүкіләлемдік резерваттар қатарына қосу туралы өтініш бергенін хабарлаймын. Бір жыл ішінде өтінішке баға беріледі. Шамамен, келер жылдың маусым айында шешім қабылданады», - деді ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» қазақстандық ұлттық комитеттің төрағасы, зоология институтының бас директоры Роман Ященко.
Оның сөзінше, ұлттық парк аталған тізімге кіру арқылы халықаралық дәрежеге көтеріледі. Әлемдік қауымдастық алдында экожүйені сақтауға қатысты жауапкершілік артады.
Қазір Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі «Көлсай көлдері» ұлттық паркінде экотуризмді дамытуды қолға алмақ. Басты идея – туристер келуін қамтамасыз ете отырып, экожүйеге зиян келтірмеу.
«Көлсай көлдері» ұлттық паркінде экотуризмді дамытуды қолға алған инвестор жұмысын бақылайтын қоғамдық кеңес те құрылмақ.