Павлодар облысында карантинде той жасағандар жауапқа тартылды
Екібастұзда үйлену тойында 60 адам болған
Павлодар облысында мониторинг топтарымен карантин режимін сақтау бойынша тұрақты тексерулер жалғасуда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
«Мониторингтік топ кезекті рейд кезінде Екібастұз мейрамханаларының бірінде үйлену тойы өтіп жатқанын анықтады. Онда 60 адам болған. Мейрамхана иесіне қатысты ҚР ӘҚБК 425-бабының 1-бөлігіне сәйкес материал жиналды, шешім қабылдау үшін Екібастұз қаласының Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жіберілді», – деді Полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімов.
Ал тағы бір дәмханада ер адам өзінің туған күнін атап өтіп жатқан. Онда 25 қонақ, сондай-ақ, мекеме қызметкерлері болды. Қоғамдық орын иесі жалпы қабылданған карантиндік нормаларды ескермегені үшін жауапқа тартылды.