Дүниежүзілік банк Қазақстандағы жемқорлыққа қатысты баға берді
Қазақстан жемқорлықты бақылау көрсеткіші бойынша ТМД елдері арасында Беларусь пен Армениядан кейінгі орында
25 қыркүйекте Дүниежүзілік банк «Мемлекеттік басқару индикаторлары» (the Worldwide Governance Indicators, WGI) жыл сайынғы зерттеуін жариялады. Оның аясында әлемнің 214 елінде оның сапасы мен тиімділігі бағаланады.
WGI алты индексті қамтиды: «Сыбайлас жемқорлықты бақылау», «Үкіметтің тиімділігі», «Заңның үстемдігі», «Реттеуші ортаның сапасы», «Саяси тұрақтылық» және «Мемлекеттің есептілігі».
Барлық көрсетілген бағыттарды жинақтайтын бірыңғай жиынтық рейтингі жоқ. Әр бағыт жеке бағаланады.
Нәтижелерді көрсетудің бір тәсілі – пайыздық дәреже шкаласы. Бұл төмен көрсеткіштері бар елдердің пайызын анықтау арқылы өзге мемлекеттер арасындағы жекелеген мемлекеттің жағдайын көрсетеді.
Қазақстан екінші жыл қатарынан «Сыбайлас жемқорлықты бақылау» индикаторы (СБИ) бойынша қарқынды өсімді көрсетіп отыр. Ағымдағы индексте еліміз пайыздық дәрежені 36-дан 43,8%-ға дейін жақсартты. Екі жыл ішінде екі есеге (19,7%-дан бастап) артты.
Деректер 12 дереккөз негізінде есептелді, олардың ішінде Bertelsmann Stiftung, Freedom House, Economist Intelligence Unit, PRS Group, World Justice Project, IHS Markit, IMD, World Economic Forum, V-Dem, Gallup Organization және т. б. компаниялардың зерттеу нәтижелері бар.
Зерттеулері негізінде СБИ құрылатын ұйымдардың көпшілігі Қазақстанның соңғы жылдағы жемқорлыққа қарсы күрестегі күш-жігерін оң бағалады. Мысалы, PRS Group желісі бойынша Қазақстанда жемқорлыққа қарсы іс-қимыл көрсеткіші 1,5 есе өсті, IMD жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингісінде Қазақстан ұқсас индикатор бойынша өзі үшін рекордтық 27-орынға ие болды, World Justice Project және Gallup Organization рейтингтерінде айтарлықтай прогреске қол жетті.
ТМД елдері арасында Қазақстан тек Беларусь (53,8) пен Арменияға (50) жол бере отырып, Молдова (29,8), Украина (26,4), Ресей (21,6), Әзірбайжан (19,7), Қырғызстан (17,3), Өзбекстан (14,4), Тәжікстан (9,1) мен Түрікменстан (3,8) елдеріне қарағанда біршама жоғары орналасқан.
Қытай (43,3), Бразилия (42,3), Тайланд (39,4), Индонезия (38), Моңғолия (37,5), Египет (27,9) және бұрын «Транспаренси Интернешнл» (СҚИ) сыбайлас жемқорлықты түйсіну индексінде біршама жоғары позицияға ие болған басқа да мемлекеттер біздің елден төменірек орналасқан.
Сыбайлас жемқорлықты бақылау жөніндегі шаралар тиімділігі бойынша рейтингте 100% көрсеткішпен Жаңа Зеландия көш басында тұр. Бұдан басқа, үздік ондыққа Сингапур, Финляндия, Швеция, Люксембург, Дания, Норвегия, Нидерланды, Швейцария және Лихтенштейн кіреді.
Дүниежүзілік банктің СБИ – зерттелетін елдерде іске асырылып жатқан жемқорлыққа қарсы саясаттың тиімділігін бағалауға бағдарланған әлемдегі жемқорлықты өлшеудің біріктірілген беделді көрсеткіші.