Түркістан облысында 26 экс-полицей сотталды
Ішкі істер департаментінің бұрынғы қызметкерлері ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, 2,7 миллиард теңге шығын келтірген
Түркістан облысында 26 бұрынғы полицей сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталды, деп хабарлайды хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Түркістан облысы ІІД тіркеу-емтихан бөлімінің бұрынғы бастығы А. Жаппаровқа, мемлекеттік жол инспекторлары бағынатын үш аймақтық және бір қалалық бөлім деңгейдегі ТЕБ басшыларына, облыстық полиция криминалистеріне, сондай-ақ, делдалдарға қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын аяқтады», - делінген хабарламада.
Құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкерлеріне бірнеше айып тағылды: пара алу, пара беру, қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру, қызметтік жалған құжат жасау, оларды сату және пайдалану, қылмыстық ұйым құру, басқару және оған қатысу, жүргізуші куәліктерін заңсыз беру (144 факті), Қазақстан аумағына қосалқы бөлшектер түрінде кіргізілген 353 автокөлікті заңсыз тіркеу.
Келтірілген шығынның жалпы сомасы 2,7 миллиард теңгені құрады.
Барлығы 38 адам жауапқа тартылды, оның 26-сы – ОҚО ішкі істер департаментінің бұрынғы қызметкерлері.