$ 498.55  524.28  4.75
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
12.11.2019, 00:39
Жаңалықтар

Мамандар тайғанап құлаудан сақтану жолдарын айтты

Мамандардың айтуынша, ең алдымен, аяқ-киімді дұрыс таңдау қажет

Мамандар тайғанап құлаудан сақтану жолдарын айтты
Фото: ашық дереккөзден

Жыл сайын қар жауып, көктайғақ болған кезде зардап шеккендер сынық, соғылған жара, созылған сіңір, буындарымен, жабық бас сүйек-ми зақымдарымен травматологиялық пункттерде медициналық көмекке жүгінеді. Мұндай күндері қауіп жаяу жүргіншілерге де, жүргізушілерге  де төнеді, деп хабарлады Azattyq Rýhy тілшісі қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.

Жаяу жүргіншінің тайғақ жолда жүруінің негізгі қағидаты – жан-жағына назар аудару және абай болып жүру. Сонымен қатар, мынадай жағдайларды есте ұстап жүру қажет.

Ең алдымен, аяқ-киімді дұрыс таңдау қажет. Тайғақ көшелерге шығар алдындағы өте маңызды қадам. Аяқ киім табаны тегіс, тайғанамайтын материалдан жасалғаны дұрыс, ал бұдырлы беті құлап қалудан сақтайды. Әйел адамдар биік өкшелі, яғни 5 см-ден биік аяқ киімдерді кимегені жөн.

Екіншіден, көктайғақ орындардан жүрген кезде басқа істерге алаңдамау қажет. Мысалы, телефонмен сөйлесуден, музыканы тыңдаудан уақытша бас тарту қажет.

Үшіншіден, әрбір қадамыңызға қарап жүру қажет. Аяғыңызды нық басу қажет, бұл ретте тізелеріңіз бос  және сәл бүгілген болуы тиіс.

Төртіншіден, қолдарыңыз бос болуы тиіс, қолыңызды қалтаңызға салып алмаңыз. Себебі, аяқастынан тайғанап құлайтын болсаңыз қолыңызды шығарып үлгере алмай қаласыз.

Бесіншіден, сатылар бойымен жүрген кезде, қалалық автокөлік аялдамаларында, дүкендерге, үйлердің кіреберістеріне және кеңселерге кірген кезде аса абай болыңыз. Себебі, дәл осы жерлерде көбіне тайғанақ болғандықтан, мұзға құлау жиілігі жоғары.

Алтыншы, көшеге шығар алдында маршрутты алдын ала мұқият ойластыру, сондай-ақ  ғимараттардың төбелері бойымен, балкондар астында өтетін жолдарды айналып өту қажет, өйткені бұл орындарда мұз сүңгілері жиі құлайды.

Бұдан бөлек, автокөлік жүргізушілері де, көктайғақ күндері абай болуы, жылдамдығын бәсеңдетуі керек. Сол сияқты ара қашықтықты да сақтау ұсынылады, өйткені көктайғақ кезінде тежеу жолы үш есе ұлғаяды. Ұсынылатын қашықтық – араға екі көлік сиятындай болуы шарт.

Құлаудан құтыла алмағанда не істеу керек? Егер сіз бойыңызды билей алмайтыныңызды сезсеңіз: бірден еңкейіп отыра қалыңыз, бұл жағдайда жарақат алу ықтималдығы да төмендейді. Сондай-ақ, шынтақ буындарын бүйірлеріңізге басыңыз, басыңызды иықтарыңызға тартыңыз, ал арқаңызды жазыңыз. Бұлшықеттерді барынша босатып, бүйірлеп құлауға тырысыңыз. Ал құлаған кезде қолдарыңызды алға қарай созбаңыз.  Егер сіз жаяу жүргіншінің мұзда тайғанап құлағанын көрсеңіз, уақыт жоғалтпай, жедел жәрдем шақырыңыз немесе зардап шегушіні жақындағы травматологиялық пунктке жеткізіңіз.

Жол-көлік оқиғасы кезінде жедел жәрдем келгенше зардап шегушіні тасымалдауға үзілді-кесілді тыйым салынады. Егер қол-аяқ жарақаттанған болса – оның қозғалмайтындығын қамтамасыз етіңіз, суықты басыңыз, - делінген таратылған ақпаратта.

Серіктес жаңалықтары