Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой журналистерден неге «қашып жүр?»
Қожахметовтің айтуынша, ведомство басшысы қазан айына дейін бос емес көрінеді
Блогерлермен кездесіп, шай ішуге уақыт тапқан Алексей Цой журналистермен неге кездеспейді? Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте елордалық тілшілер Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметовке осындай сауал қойды.
БАҚ өкілдері министрдің көпшілік алдына шығуын талап еткен. Алайда, Қожахметовтің айтуынша, ведомство басшысы қазан айына дейін бос емес көрінеді.
«Министрмен күнделікті кездесемін. Сіздерден ешкім қашып жүрген жоқ. Министр сіздердің сұрақтарыңызға жауап беруге әрқашан дайын. Алдағы жоспарлы баспасөз мәслихаты министрдің қатысуымен 1 қазанда осы алаңда болады. Бұған дейін 30 қыркүйекте болады деп жоспарлағанбыз. Алайда, ол 30 қыркүйекте Мәжілісте, Сенаттағы жиынға және Үкіметтің отырысына қатысады екен. Сондықтан, өкінішке қарай, уақыты жоқ. Бірақ 1 қазанда, бейсенбіде Орталық коммуникациялар қызметіне келіп, сіздердің алдарыңызда кез келген сұраққа жауап береді», - деді Қожахметов онлайн-брифингте.
Еске салайық, кеше балалар құқықтары туралы уәкіл Аружан Саин өзінің Facebook-парақшасы арқылы министр Цойға ашық хат жолдаған еді. Оның айтуынша, ДСМ орфандық аурулар және эпилепсия сияқты диагноз қойылған балалардың мәселесін шешу жөніндегі ұсынысты аяқсыз қалдырған.
«Алексей Владимирович, сізбен балалардың құқықтарын, олардың өмірі мен денсаулығын қорғауда жүйелі шешімдерді қажет ететін мәселелерді талқылау үшін кездесу қажет екені жайлы әңгімелестік. Сіз оған уақыт таппадыңыз, бірақ блогерлермен кездесуге уақыт таптыңыз. Қандай өкінішті. Сіз балалардың ата-анасымен кездесіп, шынымен де маңызды мәселелер (шұғыл шешім қажет ететін мәселелер) туралы сөйлесер едіңіз», - деп өкініш білдірді.