Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы қызметінен босатылды
Арман Шаққалиев 2018 жылдың шілдесінен бастап комитет басшысы болды

ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Арман Шаққалиев басқа жұмысқа кетуіне байланысты қызметінен босатылды. Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісі Премьер-министрдің сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Арман Шаққалиев Техникалық реттеу және метрология комитетін 2018 жылдың шілде айынан бастап басқарды.
Ол Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетін, Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін, М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетін бітірген.
Еңбек жолын Астана және Ақмола облысы бойынша «кәсіпорындарды қайта ұйымдастыру және тарату агенттігі» ААҚ-да заң кеңесшісі болып бастады. Техникалық реттеу жүйесінде Шаққалиев 2004 жылдан бастап «Қазақстан метрология институты» РМК директоры болып жұмыс істеді. 2008 жылдың маусым айынан 2016 жылдың сәуіріне дейін Қазақстан стандарттау және сертификаттау институтының директоры қызметін атқарды.
2016 жылғы сәуірде Еуразиялық экономикалық комиссияның Техникалық реттеу және аккредиттеу департаментінің директоры болды.