$ 517.84  543.11  5.28
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
11.11.2019, 12:03
Жаңалықтар

Қазақстанда ғылым саласына тартылған инвестиция көлемі артты

Ғылым саласына бағытталған инвестиция көлемі 2013 жылдан бастап төмендей бастаған еді

Қазақстанда ғылым саласына тартылған инвестиция көлемі артты
фото: voentelecom.ru

Қаңтар-қыркүйек аралығында кәсіби, ғылыми және техникалық қызметке бағытталған инвестиция көлемі бір жыл ішінде 67,9%-ға артып, соңғы 5 жылдағы ең үлкен көрсеткішке жетті (49,6 млрд тг). Тіпті, 9 ай ішіндегі көрсеткіш 2018 жылғы жалпы көлемнен асып түсті.

Жалпы, 2018 жылы ғылымға салынған инвестиция көлемі 17,9%-ға кеміп, 43,2 млрд теңге болған. Ал, 2017 жылы бұл көрсеткіш 52,7 млрд теңгені құраған еді. Бұл туралы ranking.kz хабарлайды.

2019 жылдың қыркүйек айының есебі бойынша, елімізде кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет аясында 20 мың компания жұмыс істейтіні белгілі болған. Оның 19,7 мыңы – шағын, 204-і – орташа, 79-ы – ірі компаниялар.

Қазақстандағы Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарының ішкі шығындары 2018 жылы 72,2 млрд теңгеге жетіп, ЖІӨ-нің 0,12%-ын құраған (2017 жылы 0,13%).

Өңірлер арасында кәсіби, ғылыми және техникалық қызметке бағытталған инвестиция көлемі бойынша Алматы қаласы алда келеді (25 млрд теңге немесе республика бойынша көрсеткіштің 50,4%-ы). Бұл өңірде ғылым саласына салынған инвестиция өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 3,9 есе өскен.      

Екінші орында – Нұр-Сұлтан қаласы: инвестиция көлемі бір жыл ішінде 45,9%-ға өсіп (8,3 млрд тг), республика бойынша үлесі 16,7%-ды құрап отыр.

Үшінші орынға Атырау облысы кіреді. Бұл өңірдегі көрсеткіш өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 2,4 есе өскен (2,8 млрд тг).

Жалпы, үздік үштікке кіретін өңірлердегі кәсіби, ғылыми және техникалық қызметке салынатын инвестиция көлемі жалпы республика бойынша көрсеткіштің 72,7%-ын құрайды.

Ескеретін бір жағдай, кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет 96,7% бизнестің жеке қаражаты есебінен қаржыландырылған. Ал, тиісті салаға бюджет есебінен қаржыландыру 72% -ға төмендеп, 419 млн теңгені құраған.

Серіктес жаңалықтары