Нұр-Сұлтанда спортпен айналысатын алаң ашылды
Мұнда баскетбол және воркаут алаңдары бар

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ маңындағы үш мың шаршы метрге жуық жаңа көпір алаңы абаттандырылды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімі Алтай Көлгінов өз «Инстаграм» парақшасында жазды, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.
«Тұрғындарымыз бен елорда қонақтары үшін тағы бір көпірасты кеңістік (Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ маңы) ашылды. Ол үшін 3 мыңға жуық шаршы метр жер абаттандырылды. Жаңа қоғамдық кеңістік екі бөлек орналасқан үлкен аумақтан тұрады. Бұл – баскетбол және воркаут алаңдары. Жас тұрғындарымыздың өтініші бойынша скейт-алаң ашылып, теннис үстелі орнатылды. Суретшілеріміз де қабырғаларға танымал спортшыларды бейнелеп, ол да өзіндік сән беріп тұр. Бұл – балалардың көз алдында оларға рух беріп, өздеріне сенімді болуы үшін үлгі боларлықтар көрініс. Өйткені кәсіби ареналарға апаратын жол және салауатты өмір салтын қалыптастыру ауладағы спорттан басталатыны белгілі», - деді қала әкімі.
Оның айтуынша, биыл 150 аула мен 50 қоғамдық кеңістік абаттандырылады. Бұл 300 мыңнан аса адамның спортпен айналысуына жайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
«Бұдан бөлек, 3 тұрғын алапта үлкен спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Сол сияқты бірқатар спорт нысанына жөндеу жүргізіледі. Карантин бізге денсаулыққа аса мән беріп, иммунитетімізді көтеріп, спортпен айналысу керектігін көрсетті», - деп жазды Алтай Көлгінов.