Бірнеше қалада бейбіт митингтер өтті
Алаңдарда полицейлер мен жедел жәрдем топтары кезекшілік етті
13 қыркүйек күні Алматы, Ақтөбе, Семей және Қарағанды қалаларында бейбіт митингтер өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».
25 мамырда Мемлекет басшысы қазақстандықтарға өз талаптарын ашық білдіруге құқық беретін бейбіт жиындар туралы заңға қол қойды. Бүгінгі митингтер жергілікті әкімдіктермен келісе отырып ұйымдастырылды.
«Әкімдік тарапынан митинг өткізуге жағдай жасалды. Көлік қозғалысы тоқтатылды. Әлеуметтік ара қашықтық бойынша белгілер салынды. Дегенмен ұйымдастырушылар тарапынан бекітілген тақырыптардан ауытқушылықтар болды. Оны айтып өтуіміз керек. Оларға ескерту жасалды», - деді қалалық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Айдар Есенбеков.
Митингке қатысқандар өз ойларын емін-еркін жеткізіп, билікке базынасын айтты. Қоғамдық тәртіп бұзылған жоқ және санитарлық нормалар сақталды. Ал билік тарапы олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Алаңдарда полицейлер мен жедел жәрдем топтары кезекшілік етті.