Қарағанды әкімінің орынбасары Жақсылық Шалабеков қамауға алынды
Оған қатысты қылмыстық іс қозғалды
Арнайы прокурорлар мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Жақсылық Шалабековке қатысты қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері шенеуніктің ұсталғанын растады. Дегенмен, тергеу құпиясын ескеріп, оның қай бап бойынша қамауға алынғанын айтпады.
«Қарағанды облысының арнайы прокурорлар басқармасы Қарағанды қаласы әкімінің орынбасарына қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр. Тергеу тобына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері де кірді. Сотқа дейінгі тергеу материалдарын жариялауға болмайды», - деді ведомство өкілдері.
Айта кету керек, Жақсылық Шалабеков Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары болып 2019 жылы ақпан айында тағайындалған еді. Ал 2011-2019 жылдар аралығында қаланың құрылыс бөлімін басқарған. Шалабеков әкім орынбасары қызметінде архитектура, қала құрылысы, жаңа әлеуметтік объектілер мен тұрғын үй салу мәселелеріне жауап берген.