$ 498.55  524.28  4.75
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
11.09.2020, 08:56
Жаңалықтар

Қызылжарлық құс фабрикалары қатаң карантинге жабылды

Оған Ресейде құс тұмауының өршуі себеп болған 

Қызылжарлық құс фабрикалары қатаң карантинге жабылды
Фото: ашық дереккөзден

Қызылжарлық құс фабрикалары қатаң карантинге жабылды, деп хабарлайды Астана телеарнасы. Кәсіпорындар кіріп-шыққан барлық техниканы залалсыздандырып, құстарға вакцинация жасауды бастап кетті. Бұған шекаралас жатқан Ресейде құс тұмауының өршуі себеп болған. 

Ресейдің Омбы облысында құс тұмауы дендеп барады. Жергілікті БАҚ өкілдерінің ақпаратына сүйенсек, дерт тамыз айында шыққан. Содан бері 12 мыңнан астам үй құсы кеселге шалдығып, 13 аудан карантинге жабылыпты. Тіпті, алып "Иртыш" құс фабрикасына да тұмау тарап, кәсіпорын 1,5 миллион бас тауықты қырып тастады. Ал шаруашылықты жабуға мәжбүр болған. Жұмысын уақытша тоқтатқан кәсіпорын ресми мәлімдеме жасады.

 «Құрметті Омбы қаласы және Омбы облысының тұрғындары!«Иртыш» құс фабрикасы өз тұтынушыларының алдында кешірім сұрайды. Келеңсіз жағдайлардан ешкім сақтанған емес. Құстардың тұмауды жаппай жұқтыруына адами фактордың қатысы жоқ. Біз Заңға сәйкес жұмыртқа өндірісін тоқтаттық. Енді барлық санитарлық-ветеринарлық шараларды өткіземіз», - деді РФ Омбы облысындағы «Иртыш» құс фабрикасының басшылығы.

Мұны естіген қызылжарлық құс фабрикалары сақтық шараларын күшейтті. Олар қанаттыларға құс тұмауына қарсы екпе жасауда.  

 «Фабрикаға кіріп-шығуға тыйым салынған. Барлық техника мен нысандар зарарсыздандырылады. Бізде 500 мыңға жуық тауық бар. Бүкіл құстарға індетке қарсы вакцина жасалып жатыр. Тұмауға қарсы шараларға биыл 20 миллион теңге жұмсалды. Бұл былтырғы жылдан 4 есе көп», - деді құс фабрикасының технологы Александр Чесноков.

Өңірдегі ветеринарлар қауіптің бар екенін жасырмайды. Өйткені қазір жабайы құстардың күзгі миграциясы жүріп жатқанын айтты. Осыған сай, бірқатар шектеулерді енгізген. Аймақтағы 5 миллионнан астам үй құсын да тұмаудан қорғау шараларын қолға алған.

 «Құс пен құс өнімдерінің импортына уақытша шектеу енгізілді. Біз құс фабрикаларының өкілдерімен жиналыс өткізіп,бірқатар кеңес бердік. Мәселен, құсты жабық жерде ұстау, жабайы құстарды үркітетін қосымша техника сатып алу қажет. Ал жеке шаруашылықтарға үй құсын көлге шығармай, үйдің ауласында ғана ұстау керек деген нұсқау берілді», - дейді СҚО Ветеринария басқармасының басшысы Берік Әлжанов.

Айта кету керек, Солтүстік Қазақстан облысында соңғы рет құс тұмауы эпизоотиясы 2005 жылы болды. Ол кезде індет үш ауданға тарап, ондаған мың құстың көзін жойған.  

Серіктес жаңалықтары