Қазақстан түрмелерінде коронавирус пен пневмониядан 5 адам қайтыс болды
Бұл туралы Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті мәлімдеді

Түрмеде жазасын өтеп жатқан сотталушылардың арасында да коронавирус жұқтырғандар бар. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде пневмониямен ауырғандарды емдеу үздіксіз жүргізіліп жатыр. Сотталғандар ғана емес, қауіпсіздік шараларына жауапты қызметкерлер де COVID-19 індетін жұқтырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Еліміздегі түзету мекемелерінде 30 мыңнан астам адам жазасын өтеп жатыр. Олардың 93%-ы ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандар.
«Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұсталатын адамдардың және қызметкерлердің арасында коронавирустық инфекция жұқтыру фактілері бірқатар мекемелерде тіркелген. Аталған инфекцияны жұқтырған қызметкерлер де, ҚАЖ мекемелерінде ұстауда отырған адамдар да дер кезінде оқшауланып, бүгінгі күні олардың басым бөлігі аурудан толықтай жазылып шыққан, ал қалғандары ем қабылдап жатыр. Егер науқастың жағдайы мекемелердегі медициналық қызметкерлердің тұжырымына сәйкес қосымша әрі қарқынды медициналық емді талап етсе, жергілікті жерлердегі денсаулық сақтау ұйымдарының емханаларына немесе ауруханаларына жеткізіледі. Өзін жайсыз сезінген қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері мен сотталғандарға ПТР-тестілеу өткізіліп, нәтижесінде қажетті медициналық көмектер көрсетілуде», - деп жауап берді ҚАЖ комитеті төрағасының орынбасары Мейрам Аюбаев.
Пандемия басталғалы қанша адамның ауырғаны туралы арнайы сұраққа да мекеменің басшылары жауап бермеді. Түрмедегі барлық жұқтыру деректерін аумақтық денсаулық сақтау ұйымдарының дәрігерлерінен құралған комиссия мүшелері анықтаған. Десе де коронавирустың таралуын болдырмау, сондай-ақ ҚАЖ органдары жеке құрамының және пенитенциарлық жүйе мекемелерінде ұсталатын адамдардың қорғалуын қамтамасыз ету Бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес жүргізіледі. Қылмыстық-атқару жүйесі комиетінің мәліметінше, дәл қазіргі сәтте ауруды жұқтыру фактілері төмендеп келеді. Осы күнге дейін коронавирустан 1, пневмониядан 4 жазасын өтеуші қайтыс болған.
«Температурасы жоғары және респираторлық инфекция белгілері бар адамдар қызметтен (жұмыс орнынан) дереу шеттетіледі. Қазіргі кезде қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұстауда отырған 30 мыңнан аса адамның ішінде коронавируспен ауырып жатқандардың саны – 7, ал пневмониямен ауырып жатқандар саны – 14. КВИ-ден 1 науқас, пневмониядан 4 адам көз жұмды», - деп жауап берді М. Аюбаев.
Мейрам Аюбаевтың айтуынша, сотталушылар арасында жұмыс істеп жүргендер саны артып келеді.
«30 мыңнан аса адам ұстауда отыр, оның ішіне тергеу-қамаудағылар да кіреді. Сотталғандардың 93%-ы ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін жазасын өтеуде. Қазіргі кезде еңбекке қабілетті сотталғандардың 75,1%-ы жұмыспен қамтылған. Бұл көрсеткішті көбейту үшін шағын және орта бизнес өкілдерімен тұрақты түрде келіссөздер жүргізіліп отырады», - деді ҚАЖ комитеті бастығының орынбасары Мейрам Ақатұлы.
Қазіргі кезде сотталғандар және тергеуде отырғандар туыстарымен кездесе алмайды, тыйым салынған. Шұғыл қажет деп табылған жағдайда ғана жазасын өтеушілерге туыстарымен сөйлесу үшін телефон беріледі.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы