Қазақстандық мультсериалдар Америкада көрсетіледі
АҚШ, Латын Америкасы елдері және Ресейдің онлайн платформалары қазақ мультсериалдарын көрсетеді
Balapan телеарнасының бес анимациялық жобасы АҚШ-қа Кабельдік арналар арқылы, ал Латын Америкасы елдеріне VOD және онлайн-арналар арқылы таратылады. Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісі «Balapan» телеарнасының директоры Мақпал Жұмабайдың Facebook-тегі парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Оның айтуынша, бұл – қазақстандық анимация тарихындағы айтулы оқиға.
«Жақын арада «Balapan» телеарнасының бес анимациялық жобасы АҚШ-қа Кабельдік арналар арқылы, ал Латын Америкасы елдерінде VOD және онлайн-арналар арқылы таратылады. Көрермендер жоғарыда аталған елдерде ағылшын, испан және португал тілдерінде «Тынымсыз шөжелер», «Сәби», «Еркелер», «Шахмат патшалығы» және «Пырақтар» жобаларын көруге мүмкіндік алды. Шарт АҚШ-та желілік және спутниктік хабар тарату қызметін жүзеге асыратын «Olympusat» компаниясымен жасалды», - деді «Balapan» телеарнасының директоры.
Сонымен қатар, телеарнаның анимациялық жобалары IVI.RU платформасына жүктеледі, ол – Ресейдегі №1 онлайн-кинотеатр. Яғни, «Күнекей», «Сәби», «Еркелер» мультфильмдерін осы платформадан көруге болады. Платформаның маңыздылығы, бір айда шамамен 50 миллион рет қаралым жинайды.
«Бұл – қазақстандық анимация мен біздің телеарна тарихындағы айтулы оқиға. «Balapan» көрермендерін осы маңызды және ауқымды жетістіктерімен құттықтаймыз", — деді ол.