БАӘ-де жазасын өтеп жатқан Қазақстанның 6 азаматы бар – Бас прокуратура

Олардың бірі өмір бойына бас бостандығынан айырылған

БАӘ-де жазасын өтеп жатқан Қазақстанның 6 азаматы бар – Бас прокуратура
Фото: ашық дереккөзден

Бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы сотталған адамдарды беру шартын ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды.

Мәжілістің жалпы отырысында баяндама жасаған ҚР Бас прокурорының орынбасары Болат Дембаевтың айтуынша, БАӘ-де жазасын өтеп жатқан Қазақстанның алты азаматы (бес ер адам және бір әйел) бар.

«6 азаматтың бесеуі бір қылмыстық іс бойынша қамауда отыр. Олар топ құру, абайсызда кісі өлтіру және тонау бойынша 15 жылға бас бостандығынан айырылған. Ал, тағы бір жазасын өтеп жатқан әйел есірткі сатқаны үшін шамамен, 5 келі психотроптық зат сатқаны үшін өмір бойы бас бостандығынан айырылған», - деді Б. Дембаев.

Бас прокурордың орынбасары Қазақстанда сотталған БАӘ азаматтары жоқ екенін, егер елдер арасында уағдаластық орнаса, БАӘ-де қамауда отырған қазақстандықтар қалған жазасын елге келіп өтей алатынын айтты.  

«Араб Әмірліктеріндегі жаза біздің сот тағайындаған жазаға толық сәйкес келуі керек. Егер бізде өлім жазасы немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру қарастырылмаған болса, онда біз сотталушыны жазасын өтеу үшін қабылдай алмаймыз», - деп түсіндірді Б. Дембаев.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.