Алматыда ХҚКО алдындағы кезек үшін басшыларға сөгіс жарияланды
Басшылық мемлекеттік қызмет көрсетудің стандартын бұзғаны үшін тәртіптік жазаға тартылды
Алматыда мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығындағы кезек үшін басшыларға қатаң сөгіс жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы бұл факт бойынша өз міндетін тиісті деңгейде атқармағаны және мемлекеттік қызмет көрсетудің стандартын бұзғаны үшін Алматы қаласы бойынша филиал басшылығы қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жазаға тартылатынын хабарлайды. Яғни филиал директорына, фронт-офистерді үйлестіру басқармасының басшысына және №1 мамандандырылған бөлімінің басшысына қатаң сөгіс жарияланды», - делінген хабарламада.
Еске салайық, осыған дейін әлеуметтік желіде Алматыдағы мамандандырылған ХҚКО-ның алдындағы ұзын-сонар кезектің фотосы мен видеосы тараған еді.