Қазақстанда 18 миллион тонна астық жинау жоспарлануда
Қазір 3 жарым миллион гектар жерден өнім жиналды
Қазақстанда 18 миллион тонна астық жинау жоспарланып отыр. Қазір республика бойынша 3 жарым миллион гектар жиналды. Ауыл шаруашылығы министрі Ақмола облысына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Хабар 24»- ке сілтеме жасап.
Сапархан Омаров егін жинау науқанының барысын тексерді. Белгілі болғандай, биыл ел фермерлерінің иелігінде 145 мың трактор, 38 мың комбайн және 39 мың жүк көлігі бар.
Сондай-ақ, министр Макинск қаласында салынып жатқан өсімдік майын өндіретін зауытқа барды. Оның қуаттылығы тәулігіне алты жүз тоннаға жуық шикізатты құрайды, өңірдің 30 тұрғыны еңбек ететін болады. Жаңа жобаның құны 4 миллиард теңгеден асады.
«Шикізатты экспорттаудың орнына, қосылған құны жоғары қайта өңделген өнім экспортын дамыту үшін барлық алғышарттар бар. Бізде ҚХР-ға, Орта Азияға жеткізу дамыған. Зауыттардың құрылысы маймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді»,- деді ҚР АШМ Өсімдік шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу департаментінің директоры Азат Сұлтанов.