Футболдан Қазақстан әйелдер құрамасының бас жаттықтырушысы өмірден өтті
Рәзия Төлеуқызы кезінде Ресей құрамасына да шақырту алған
Футболдан Қазақстан әйелдер құрамасының бас жаттықтырушысы Рәзия Төлеуқызы Нүркенова 52 жастан асқан шағында кенеттен қайтыс болды. Бұл туралы ақпаратты Қазақстан футбол федерациясы баспасөз қызметі хабарлады.
Спорт мамандары мен жанкүйерлердің ортасында Рәзия Нүркенова еліміздің тәуелсіз тарихындағы Қазақстан құрамасының алғашқы шабуылшысы ретінде кең танымал.
Рәзия Төлеуқызы қарағандылық «Олимп» әйелдер футбол клубында спорт мансабын бастап, 1987-1991 жылдар аралығында ойнады.
Жоғары беделі, мінсіз шеберлігі мен асқан сыпайылығының арқасында Рәзия Нүркенова тұрақты түрде команданың капитаны болып сайланып отырды.
1992 жылы Рәзия Нүркенова Ресейдің Самара қаласының ЦСКА ВКС футбол клубынан шақырту алады. 2001 жылға дейін шабуылдаушы жартылай қорғаушы болып ойнады.
Рәзия Төлеуқызы Қазақ КСР, КСРО, ТМД, Қазақстан және Ресей құрамаларына да шақырылған.
Футболдағы карьерасы аяқталған соң, ол футбол төрешісі, кейін бапкерлік қызметпен айналысты.
Футболдан ҚР және РФ спорт шебері;
Ресейдің 1993, 1994, 1996 жылдардағы үш дүркін чемпионы;
1994 жылы Ресей кубогының иегері;
1996 жылы «Достастық» кубогының иегері болған.