ІІМ 10 айда 32 тоннадан астам есірткіні тәркіледі
Оның ішінде бір тоннадан астамы аса қауіпті синтетикалық есірткіге жатады
Ішкі істер министрлігі елімізде есірткі қылмысына қарсы күресті күшейтті. Соңғы 10 айдың қорытындысы бойынша полицейлер 6,5 мың есірткіге қатысты құқық бұзушылықты анықтады, оның ішінде үш мыңнан астамы ауыр қылмыс санатына жатады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде 32 тоннадан астам есірткі затын заңсыз айналымға шығаруға тосқауыл қойылды. Оның ішінде бір тоннадан астамы аса қауіпті синтетикалық есірткіге жатады.
Сонымен қатар жыл басынан бергі 10 айда 8 ұйымдасқан қылмыстық топтың, оның ішінде бір трансұлттық топтың қызметі тоқтатылды. Олардың 10 жетекшісі мен 43 мүшесі ұсталды. Бұдан бөлек, 23 есірткі зертханасы мен 94 фитозертхана жойылып, есірткі контрабандасының 147 дерегі анықталды. Сондай-ақ екі сыртқы және 18 ішкі тасымалдау арнасы бақылауға алынды.
Цифрлық кеңістіктегі заңсыз сауданы шектеу бағытында да ауқымды жұмыс атқарылған. Бұл туралы ІІМ баспасөз қызметінің өкілі Мадияр Сейтжағыпар мәлімдеді.
«Киберқадағалау» жүйесіне заңсыз контентті тарататын 30 мыңға жуық интернет-ресурс енгізілді. Нәтижесінде 11 мыңнан астам сайт пен жалпы сомасы 283 млн теңгеден асатын 14 мыңға жуық банк есепшоты бұғатталды», — деді Мадияр Сейтжағыпар.
Ведомство өкілдері есірткі бизнесінің жолын кесу бойынша кешенді шаралар алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
