«Әділет» партиясы Жетісуда үгіт-насихат жұмыстарын қорытындылады

«Әділет» партиясы Жетісуда үгіт-насихат жұмыстарын қорытындылады
Фото: «Әділет» партиясының баспасөз қызметі

«Әділет» партиясы Жетісу облыстық филиалының өңірлік сайлауалды штабы үгіт насихат барысында облыс аумағында 2110 шара ұйымдастырып, 130 мыңнан аса тұрғынды сайлауалды бағдарламаның басымдықтарымен таныстырған. Мұнан бөлек, саяси науқанда өңірдегі аудан-қала және облыстық штабтарға 346 адам тартылып, 1284 сенімді өкіл мен 428 байқаушы дайындалған. Бұл жайында «Әділет» партиясы Жетісу облыстық филиалының өңірлік сайлауалды штабының қорытынды жиынында мәлім болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Партияның облыстық филиалында өткен жиынға «Әділет» партиясы Жетісу облыстық филиалының Саяси кеңесінің мүшелері, Бақылау-тексеру комиссиясының мүшелері, облыстық мәслихат депутаттығына кандидаттар, облыстық партия филиалының қызметкерлері және штаб мүшелері қатысты. Күн тәртібінде екі мәселе қаралды: әуелгісі мәслихат депутаттарының сайлауына қатысты ұйымдастырушылық мәселелер, екіншісі партияның 2026–2031 жылдарға арналған өңірлік Жол картасын іске асыру міндеттері.

Алғашқы мәселе бойынша сөз алған партияның облыстық филиалының төрағасы Амангелді Есбай сайлауалды науқан аясында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, осы кезеңде өңірдің барлық аудан-қаласы мен ауылдарында тұрғындармен кездесулер ұйымдастырылып, партияның ұстанымы мен 2026–2031 жылдарға арналған өңірлік сайлауалды бағдарламасы кеңінен түсіндірілген. Партияның облыстық филиалының төрағасы сайлауалды штаб өкілдері мен кандидаттарға, кандидаттардың сенімді өкілдеріне, саяси ұйым жақтастарына алғаусыз алғысын да жеткізді.

«Әділет» партиясы Жетісу облыстық филиалының өңірлік сайлауалды штабы Жетісу өңірінің әр ауданында, әр қаласында, әр ауылында халықпен жүздесіп, партияның ұстанымын, бағдарламалық мақсаттарын және ел болашағына қатысты көзқарасын жеткіздік. Халықтың сеніміне ие болу жолында аянбай еңбек етіп, ортақ іске жұмылған біртұтас команда ретінде әрекет еттік. Біз бірлігімізбен күшті, ортақ мақсатымызбен биікпіз. Жетісу өңірінде ұйымдастырылған сайлауалды науқанның нәтижелі болуы – әрқайсыңыздың еңбектеріңіздің жемісі, – деді Амангелді Есбай.

Жиынның екінші мәселесі бойынша партия филиалы төрағасының орынбасары Арыстанғали Арын 2026–2031 жылдарға арналған өңірлік Жол картасының негізгі бағыттары мен жоспарларын таныстырды.

Спикердің айтуынша, құжат партияның жеті стратегиялық мақсаты мен он негізгі бағыты негізінде әзірленген. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктері мен тұрғындардың өзекті мәселелерін ескере отырып, тоғыз бағыт бойынша 91 іс-шара белгіленген.

Жол картасындағы негізгі басымдықтардың бірі – тұрғын үй мәселесі. Алдағы бес жылда өңірде 2 миллион 387 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Сондай-ақ 816 шақырым жол жөнделіп, 197,8 шақырым су құбыры желісі тартылады. Газдандыру деңгейін 67,2 пайыздан 93,8 пайызға дейін жеткізу көзделген. Білім беру саласында 2600 балабақша орны ашылып, бес мектеп салу жоспарланса, денсаулық сақтау бағытында дәрігер тапшылығын азайту және алты белсенді ұзақ өмір сүру орталығын ашу қарастырылған.

Экономиканы дамыту аясында 21 790 жаңа жұмыс орнын құру және «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 648 кредит беру көзделген. Экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында 509 мың көшет отырғызылып, қалдықтарды қайта өңдеу үлесі 27,9 пайызға жеткізілмек.

Отырыс қорытындысында партия өкілдері талқылау барысында айқындалған алты міндетті жүйелі жүзеге асыруға уағдаласты. Жол картасында белгіленген іс-шаралардың орындалуы алдағы кезеңдегі негізгі жұмыс бағыттарының бірі болмақ.

Дайындаған: «Әділет» партиясы Жетісу облыстық филиалының баспасөз қызметі.

Тапсырыс беруші: Есбай А.Ғ.

Жетісу облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді.