Ата-бабасының тарихын архивтен іздеген оқушылар байқау жеңімпазы атанды

Биыл байқауға 140 зерттеу жұмысы ұсынылып, финалға шыққан 60 оқушы өз жобаларын тарихшылар мен архив мамандары алдында қорғады

Ата-бабасының тарихын архивтен іздеген оқушылар байқау жеңімпазы атанды
Фото: ҚР президентінің архиві

ҚР Президентінің архивінде «Архив құжаттарындағы менің отбасымның тарихы» атты республикалық оқу-зерттеу конкурсының қорытындысы шығарылды. Астана мен Алматыда қатар өткен байқаудың финалдық кезеңіне жолдама алған 60 оқушы өз зерттеулерін тарихшылар мен архив мамандарының назарына ұсынып, жобаларын қорғады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Биыл байқауды президент архиві «Астана дарыны» және «Алматы дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталықтарымен бірлесіп ұйымдастырған. Жалпы конкурсқа 140 зерттеу жұмысы қабылданған. Алдын ала іріктеуден өткен үздік 30 жоба қорытынды кезеңге жолдама алды.

ҚР президенті архиві директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Қайрат Әлімғазинов байқаудың жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырудағы маңызына тоқталды. Оның айтуынша, елдің тарихи-құжаттық мұрасын насихаттау және жастарды архив деректерімен жұмыс істеуге үйрету – мекеме қызметіндегі басым бағыттардың бірі.

«Президент архиві 2022 жылдан бері оқушылардың архив құжаттары мен өзге де тарихи дереккөздер негізінде өз отбасының тарихын зерделеуіне, зерттеушілік дағдыларын, шығармашылық әлеуеті мен тарихи санасын дамытуға бағытталған конкурс өткізіп келеді. Осы уақыт ішінде конкурсқа 350-ден астам оқушы қатысып, өз отбасының тарихына арналған зерттеу жобаларын таныстырды», – деді Қайрат Әлімғазинов.

Оқушылар отбасы тарихы арқылы ел өткенін зерттеді

Биыл ұсынылған жұмыстардың тақырыптары сан алуан болды. Жас зерттеушілер ата-тек шежіресін зерделеп қана қоймай, отбасы мүшелерінің өмір жолы арқылы ел тарихындағы маңызды кезеңдерге үңілген. Атап айтқанда, Азамат соғысы, Екінші дүниежүзілік соғыс, Қазақстанның тәуелсіздік алуы және одан кейінгі даму кезеңдері оқушылардың зерттеу жұмыстарына арқау болған.

Сондай-ақ бірқатар қатысушы отбасылық мұрағаттағы материалдар негізінде отандық ғылым, медицина және басқа да салалардың қалыптасу тарихын қарастырған. Зерттеу барысында архив құжаттары, отбасында сақталған фотосуреттер мен үлкендердің естеліктері пайдаланылған.

Оқушылардың еңбегін бағалау үшін архив мамандары, жоғары оқу орындарының оқытушылары және «Астана дарыны» орталығының өкілінен құралған арнайы комиссия жасақталған.

Астана мен Алматының үздік оқушылары анықталды

Байқау қорытындысы бойынша Астанада 6 оқушы арнайы номинация иегері атанды. Үш қатысушы III дәрежелі, екі оқушы II дәрежелі, ал бір оқушы I дәрежелі дипломмен марапатталды. Алматы қаласында да жеңімпаздар мен жүлдегерлер осындай тәртіппен анықталып, оларға тиісті марапаттар табысталды.

Астанада бірінші орын алған №101 жалпы орта білім беретін мектептің 11-сынып оқушысы Алина Балғина байқаудың өзі үшін ерекше мәнге ие болғанын айтты. Оның зерттеу жұмысы өз атасының өмір жолын зерделеуге арналған.

«Бұл жоба маған ерекше әсер етті. Себебі мен өз ата-бабамның тарихын зерттедім. Өткенін білген адам бүгінін бағалап, ата-бабасының өнегесін келешек ұрпаққа жеткізе алады деп ойлаймын. Осы жоба арқылы атамның өмір жолын тереңірек танып, елімнің де тарихын зерттеуге мүмкіндік алдым», – деді Алина Балғина.

Жеңімпаздарға сыйлықтар мен естелік тартулар да табысталды. Конкурсты қолдағандар қатарында «Алматыкітап», «Фолиант», «Атамұра» баспалары, MARWIN дүкендер желісіне арналған кітаптарды ұсынған «Ақ Ниет Group» компаниясы және ақылды колонкалар сыйлаған «Яндекс Қазақстан» компаниясы бар.

Айта кетейік, президент архивінің бастамасымен 2022 жылдан бері өткізіліп келе жатқан бұл конкурс оқушылардың отбасылық және мемлекеттік архивтермен жұмыс істеуіне жол ашады. Сонымен қатар тарихи деректерді іздеу, салыстыру және саралау дағдыларын дамытуға көмектеседі. Өз отбасының шежіресін зерттеу арқылы жас буын ел тарихының маңызды кезеңдерін тереңірек танып, ұрпақтар арасындағы тарихи сабақтастықты нығайтуға үлес қосады.