Шымкентте қалалық инфрақұрылымды цифрландыру жұмыстары кеңейіп жатыр
Әкімдік 11 айдың есебін ұсынды
Шымкентте қала шаруашылығын тиімді басқару, көрсетілетін қызмет сапасын көтеру және әкімшілік үдерістерді автоматтандыру бағытындағы цифрландыру жұмыстары қарқын алды. 2026 жылдың алғашқы 11 айында білім беру, көлік, медицина, коммуналдық қызмет және мемлекеттік басқару салаларында ауқымды жобалар іске асты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Шымкент әкімдігіне сілтеме жасай отырып.
Білім беру: қауіпсіздік пен қаржылық ашықтық
Оқу орындарындағы қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған «Айқын» жобасы бойынша 147 мектепке 10 290 бейнебақылау камерасы қойылды. Сондай-ақ 161 мектеп жылдамдығы 100 Мбит/с жететін интернет желісіне қосылды. Ал қаржы ағындарының ашықтығын қамтамасыз ету үшін Kundelik, 1С, Balabaqsha, Qosymsha, Pana, Smartnation және Sana платформаларын біріктіретін «Qarqyn» интеграциялық жүйесі енгізілді. Бұл шешім қосымша білім беру бағытында 10 млрд теңге бюджет қаржысын үнемдеуге мүмкіндік берді.
Көлік жүйесіндегі жаңашылдықтар
Қала көшелеріндегі кептелісті азайту мақсатында 360 қиылысты қамтитын интеллектуалды жол қозғалысын басқару жүйесі (ITS) іске қосылды. Нәтижесінде көліктердің орташа жылдамдығы 20 пайызға, жолдардың өткізу қабілеті 26 пайызға өсіп, кептеліс деңгейі 28 пайызға қысқарды. Жолаушыларға қолайлы орта қалыптастыру үшін аялдамаларға автобус кестесі мен ауа райын көрсететін 143 медиатақта орнатылды. Қоғамдық көлікте жолақысын Avtobys жүйесі арқылы QR-код, NFC, банк картасы және мобильді қосымша көмегімен төлеу жолға қойылды.
Денсаулық сақтау саласындағы жасанды интеллект
Медициналық ұйымдарда жасанды интеллект құралдары белсенді қолданыла бастады. Қалалық №2 емханада инсульт белгілерін ерте анықтайтын Cerebra AI жүйесі 1 802 клиникалық жағдайға талдау жасады. Дәрігерлерге диагноз қоюға көмектесетін PULS AI жүйесі 13 емханада пилоттық режимде сынақтан өтуде, ал медициналық түсірілімдерді сақтайтын PACS Systems 21 мекемеге енгізілді. Бұдан бөлек, жедел жәрдемнің 120 бригадасы 240 смарт-бейнежетонмен жабдықталып, 9 медициналық ұйымның қабылдау бөліміне бейнеаналитика мен SOS дабыл батырмасы орнатылды.
ТКШ, экология және қауіпсіздік
Коммуналдық ресурстарды есептеуді цифрландыру аясында қалада 756 272 есептегіш аспап жұмыс істеп тұр (341 082 су, 306 456 электр, 107 933 газ және 801 жылу есептегіші). Жылу желілерінің жай-күйін бағалау үшін жасанды интеллектке негізделген Art code жүйесі пилоттық негізде қолданылуда. Экология бағытында «zhasylshym.kz» базасына 250 түрлі 443 816 жасыл желек тіркелсе, «Tumar.online» жүйесі қоқыс таситын техника бағытын және контейнерлердің толу деңгейін қадағалайды. Қаладағы 400-ге жуық нысан мен төтенше жағдайлар қаупін бақылауға 16 дрон жұмылдырылған.
Мемлекеттік басқару және киберқауіпсіздік Мемлекеттік органдарда 23 ақпараттық жүйе жұмыс істейді. Хаттамалық тапсырмалар «I-protocol» арқылы бақыланып, 385 ұйым «Documentolog» электрондық құжат айналымына, 137 мекеме «Бірыңғай кадр жүйесіне» қосылды. Ақпараттық қауіпсіздікті нығайту үшін Firewall, Kaspersky, DLP жүйелері орнатылып, 44 коммутатор, 4 сервер, 6 үздіксіз қуат көзі және 6 деректер сақтау жүйесі жаңартылды, сондай-ақ 30 маман арнайы оқудан өтті. Алдағы уақытта қаланың барлық тіршілік саласына цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын енгізу жұмыстары одан әрі жалғасады.
