Медицина мамандарын қолдау мәселесі Теміртаудағы кездесуде талқыланды

Қарағанды облыстық мәслихаты депутаттығына кандидаттар денсаулық сақтау саласының өкілдерімен жүздесіп, партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырды

Медицина мамандарын қолдау мәселесі Теміртаудағы кездесуде талқыланды
Фото: "Әділет" партиясының баспасөзі

Медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсарту, әлеуметтік қолдау шараларын күшейту және тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру. Осы мәселелер Теміртау қаласында өткен «Әділет» партиясының үгіт-насихат кездесуінде сөз болды. Қарағанды облыстық мәслихаты депутаттығына кандидаттар денсаулық сақтау саласының өкілдерімен жүздесіп, партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Әділет» партиясына сілтеме жасап. 

Дәрігерлер мен орта буын медицина мамандарының еңбегі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Олардың күнделікті жұмысы тұрғындардың денсаулығы мен өміріне тікелей байланысты. Сондықтан сала мамандарына қолайлы еңбек жағдайын жасау, кәсіби дамуына мүмкіндік беру және әлеуметтік тұрғыдан қолдау мәселелері қашанда өзекті.

Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауындағы денсаулық сақтау саласына қатысты бастамаларға да тоқталды. Соның бірі – алғашқы медициналық көмек қызметкерлерінің жалақысын еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыру жөніндегі ұсыныс.

Қарағанды облыстық мәслихаты депутаттығына кандидат Александр Куприенко медицина қызметкерлерінің еңбегін бағалау мен олардың әлеуметтік жағдайын жақсартудың маңызын атап өтті.

Оның пікірінше, сапалы медициналық қызмет көрсету үшін заманауи жабдықтар мен қажетті инфрақұрылымның болуы жеткіліксіз. Ең алдымен, осы салада еңбек ететін мамандарға тиісті жағдай жасалуы қажет. Дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыру, еңбек құқықтарын қорғау және әлеуметтік қолдау тетіктерін жетілдіру денсаулық сақтау жүйесінің дамуына тікелей ықпал етеді.

Бұл мәселелер «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында да көрініс тапқан. Партия сапалы әрі қолжетімді медицинаны, әлеуметтік қолдауды және өңірлердегі инфрақұрылымды дамытуды басым бағыттардың бірі ретінде қарастырады.

Кездесу барысында кандидаттар медицина қызметкерлерімен пікір алмасып, саланың өзекті мәселелерін талқылады. Сондай-ақ тұрғындарға медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру және денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту мәселелеріне назар аударылды.

Жиын медицина саласының өкілдері мен депутаттыққа кандидаттар арасындағы ашық пікір алмасу форматында өтті.

Дайындаған: «Әділет» партиясының Қарағанды облыстық филиалының баспасөз қызметі.
Тапсырыс беруші: Б.Қ. Алтынбеков. 
Төлем «Әділет» партиясы қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған сайлау қорының қаражаты есебінен жүзеге асырылды.