Ақмола облысында 2027 жылға арналған құрылыс саласының басым бағыттары айқындалды

Мемлекет басшысы Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялаған алдағы жыл өңірдің құрылыс саласын дамытудағы келесі кезең болмақ

Ақмола облысында 2027 жылға арналған құрылыс саласының басым бағыттары айқындалды
Фото: Ақмола облысы әкімдігінің баспасөзі

Өңірде 2027 жылы іске асырылатын ірі инфрақұрылымдық жобалардың тізбесі қалыптастырылып жатыр. Олардың қатарында Көкшетау қаласындағы өңіраралық облыстық аурухана, жылу электр орталығы және Есіл өзеніндегі гидротехникалық құрылыс нысаны бар. Сонымен қатар өңірде тұрғын үй құрылысы жалғасып, әлеуметтік инфрақұрылым жаңартылып, жобалық құжаттама әзірленіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақмола облысы әкімдігіне сілтеме жасап. 

Мемлекет басшысы Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялаған алдағы жыл өңірдің құрылыс саласын дамытудағы келесі кезең болмақ. Бұл бағытта қазірдің өзінде белгілі бір жұмыстар атқарылды. Биылғы жылдың он айында облыста 411 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Нәтижесінде шамамен 3,3 мың отбасының тұрғын үй жағдайы жақсарды. Олардың қатарында жалдамалы баспанаға ие болған әлеуметтік осал санаттағы 500-ге жуық отбасы бар.

2024 жылдан бастап өңірде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету үшін дайын пәтерлерді сатып алу тетігі қолданылып келеді. Бұл тәсіл баспана күту уақытын қысқартуға мүмкіндік берді. Екі жыл ішінде әлеуметтік осал санаттағы шамамен 2,3 мың отбасы пәтер алды. Келесі жылға тұрғын үй сатып алуды жоспарлау кезінде отбасы құрамы ескеріліп, пәтерлердің ауданы мен жоспарлануы болашақ тұрғындардың қажеттіліктеріне сәйкес таңдалады.

«Тұрғын үй қорын қалыптастыру кезінде сатып алынатын пәтерлердің санына ғана емес, олардың кімдерге арналғанына да мән беру маңызды. Сондықтан алдағы уақытта неғұрлым атаулы тәсіл қолданылады. Тұрғын үйдің ауданы мен жоспарлануы отбасы құрамы мен қажеттіліктеріне қарай таңдалады. Бұл тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың баспана мәселесін тиімдірек шешуге мүмкіндік береді», – деді Ақмола облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Байқуанышев.

Құрылыс жұмыстарының едәуір бөлігі әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған. 2023–2026 жылдары облыста 100 әлеуметтік нысанның құрылысы аяқталды. Олардың қатарында мектептер, медициналық мекемелер, спорт және мәдениет нысандары бар.

Биыл Сандықтау ауданының Каменка, Лесное және Веселое ауылдарында үш дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталды. Сондай-ақ Атбасар аудандық ауруханасына МРТ аппаратын орнатуға арналған қосымша ғимарат салынды. Қазіргі уақытта аталған нысандарды пайдалануға беру құжаттары рәсімделуде.

Сонымен қатар өңірде құрылысы аяқталмаған нысандар мәселесін шешу жұмыстары жалғасуда. Бір жыл ішінде құрылысы ұзаққа созылған жеті нысанның жұмысы аяқталды. Олардың қатарында Бестөбе мен Жақсыдағы спорт кешендері мен стадион, Степногорск қаласының Қарабұлақ шағын ауданындағы және Бурабай ауданының Қатаркөл ауылындағы мәдениет үйлері, сондай-ақ Қосшы қаласындағы екі әкімшілік ғимарат бар. Өткен жылы осындай тағы 16 нысан пайдалануға берілді.

Жаңа жобаларды іске асыру үшін облыста «кілтке дейін» құрылыс тетігі де қолданылуда. Ол жобалау, құрылыс жұмыстарын жүргізу және жабдықтарды жеткізу бір келісімшарт аясында жүзеге асырылатынын көздейді. Қазіргі уақытта бұл тәсіл екі ірі нысанды іске асыру кезінде қолданылып отыр.

Қосшы қаласында 1500 орындық жалпы білім беретін мектептің құрылысы жүргізілуде. Жұмыстар мамыр айында басталып, 2026 жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарланған. Жоба инвестор-құрылыс салушының қаражаты есебінен жүзеге асырылуда. Тағы бір нысан – Бурабайдағы көпфункционалды конгресс-орталық. Оның жобасы да жобалау мен құрылыс жұмыстарын кешенді түрде жүргізуді көздейді.

Келесі жылы өңірдің ұзақ мерзімді дамуы үшін маңызды жобаларға басымдық беріледі. Көкшетау қаласында өңіраралық облыстық аурухананың құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Жұмыстарды аяқтау мерзімі 2027 жылдың сәуір айына белгіленген. Сонымен қатар облыс орталығының энергетикалық жүйесін нығайтуға бағытталған жылу электр орталығы құрылысының белсенді кезеңі басталуы тиіс.

Елді мекендерді су тасқынынан қорғау да жеке бағыт ретінде қарастырылған. Есіл өзенінде тасқын суларын жинақтауға арналған гидротехникалық құрылыс нысанын салу жоспарланып отыр. Жоба су басу қаупін азайтуға және облыстың су қауіпсіздігін арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар құрылыс жұмыстары жүргізілетін аумақтардағы тұрғындар үшін жаңа елді мекендер салу көзделген. Онда тұрғын үйлер мен қажетті әлеуметтік нысандар бой көтереді.

«Ауқымды құрылысқа дайындық кешенді жұмысты талап етеді. Ол үшін жобалық құжаттаманы алдын ала әзірлеп, сараптамадан өткізіп, іске асырудың келесі кезеңдерін айқындау қажет. Халықтың негізгі қажеттіліктерін қамтамасыз ететін нысандардың маңызы ерекше. Олар – медициналық көмек, білім беру, энергиямен жабдықтау және су тасқынынан қорғау бағыттары. Өңірдің құрылыс жоспарларын қалыптастыру кезінде дәл осындай жобаларға басымдық беріліп отыр», – деп атап өтті Азамат Байқуанышев.

Жаңа нысандардың құрылысын уақтылы бастау мақсатында облыста жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары жалғасуда. 2025–2026 жылдары әлеуметтік және қоғамдық инфрақұрылым нысандары бойынша 15 жоба дайындалып, олардың барлығы кешенді ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындысын алды. Құжаттама білім беру, денсаулық сақтау, спорт, қауіпсіздік және қоғамдық тәртіп салаларындағы нысандардың құрылысын қамтиды.

Жаңа бастамалардың қатарында Қосшы қаласындағы халықаралық үлгідегі колледж, сондай-ақ Көкшетаудағы медициналық мекемелер, мектептер, өрт сөндіру деполары мен арнайы мекемелер кешені бар. Бұл жобаларды әзірлеу алдағы құрылыс жұмыстарына негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар облыста қала құрылысы саласы цифрлық форматқа көшуде. Қазіргі уақытта 11 қаланың бас жоспарлары мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары цифрландырылуда. Бүгінде бас жоспарларды цифрландыру жұмыстарының орындалу деңгейі 76%-ды, ал егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары бойынша 67%-ды құрайды.

Бірыңғай цифрлық базаны құру жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы салаларындағы мемлекеттік қызметтерді көрсетуді жеңілдетуге, өтініштерді қарау мерзімдерін қысқартуға және қабылданатын шешімдердің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.

Құрылыс саласының дамуы экономиканың сабақтас бағыттарына да оң әсер етеді деп күтілуде. Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жергілікті құрылыс материалдарын өндірушілердің, соның ішінде кірпіш зауыттары мен бетон өндіретін кәсіпорындардың өндірістік жүктемесін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді.

Осылайша, Ақмола облысының 2027 жылға арналған құрылыс жоспарлары жаңа ғимараттар салумен ғана шектелмейді. Олар тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ өңірдің энергетикалық және су қауіпсіздігін нығайту секілді ұзақ мерзімді міндеттерді шешуге бағытталған.