Теміртауда «Әділет» партиясының кандидаттары кәсіпкерлермен кездесті
Теміртау қаласында «Әділет» партиясының Қарағанды облыстық мәслихаты депутаттығына кандидаттары шағын және орта бизнес өкілдерімен үгіт-насихат кездесуін өткізді. Жиында партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, кәсіпкерлікті қолдау және өңір экономикасын дамыту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy партия филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында белгіленген басым бағыттарға назар аударылды. Атап айтқанда, экономиканы әртараптандыру, отандық өндірісті дамыту, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау және халықтың тұрмыс сапасын арттыру мәселелері сөз болды.
Қарағанды облыстық мәслихаты депутаттығына кандидат Аяжан Мақан шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы маңызына тоқталды.
Аяжан Ералықызының айтуынша, кәсіпкерлікті дамыту жаңа жұмыс орындарын ашуға, халықты жұмыспен қамтуға және өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Сондықтан бизнес өкілдерінің заңды мүдделерін қорғау, әкімшілік кедергілерді азайту және әділ бәсекелестікке жағдай жасау маңызды.
Жиында Президенттің келесі жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялау жөніндегі бастамасы да талқыланды. Құрылыс саласындағы ауқымды жобалардың жүзеге асуы жергілікті кәсіпорындар мен шағын бизнес үшін қосымша мүмкіндіктер ашуы мүмкін екені айтылды.
Сонымен қатар кандидаттар «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы заң үстемдігін қамтамасыз ету, әділ экономика қалыптастыру, өңірлерді дамыту және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру бағыттарын таныстырды.
Кездесу барысында кәсіпкерлермен ашық пікір алмасуға назар аударылды. Тараптар кәсіпкерлік саласының өзекті мәселелері мен оны дамытуға қатысты ұсыныстарды талқылады.
Мұндай кездесулер партияның сайлауалды бағдарламасын тұрғындарға таныстыру және түрлі сала өкілдерінің пікірін тыңдау мақсатында ұйымдастырылып жатыр.
Дайындаған: «Әділет» партиясының Қарағанды облыстық филиалының баспасөз қызметі.
Тапсырыс беруші: Б.Қ. Алтынбеков.
Төлем «Әділет» партиясы қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған сайлау қорының қаражаты есебінен жүзеге асырылды.
