Павлодар облысында тасжолдағы алты бейнекамераны қиратқан тұрғын ұсталды
Мотоциклмен келген ер адам жол бойында орнатылған бейнебақылау камераларына қасақана зақым келтірген
Павлодар облысында республикалық тасжол бойындағы жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркейтін камераларға қасақана зақым келтірген ер адам ұсталды. Күдіктінің бұл әрекеті құрылғылардың өзіне жазылып қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Полиция департаментінің мәліметінше, бұзақылық дерегі Омбы – Майқапшағай автожолында тіркелген. Мотоциклмен келген ер адам жол бойындағы аркалы құрылымға жақындап, оған орнатылған алты бейнебақылау камерасының корпусын қасақана зақымдаған.
Сыртқы корпустары бүлінгеніне қарамастан, камералар штаттық режимде жұмысын жалғастырған. Соның арқасында құрылғылар күдіктінің бет-бейнесі мен әрекетін толықтай бейнежазбаға түсіріп алған.
Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде полиция қызметкерлері жақын маңдағы елді мекендердің бірінде тұратын 31 жастағы азаматты ұстады.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Келтірілген материалдық залалдың нақты мөлшері анықталып, тергеу амалдары жүргізілуде.
