СҚО-да заңсыз жұмыртқа өндірген екі азамат сотталды

Табиғатқа келтірілген залал көлемі 5 952 104 теңгені құрады

СҚО-да заңсыз жұмыртқа өндірген екі азамат сотталды
Фото: © istockphoto.com

Солтүстік Қазақстан облысында сирек кездесетін әрі құнды су биологиялық ресурсын заңсыз өндіріп, мемлекетке ірі көлемде экологиялық залал келтірген Ақмола облысының екі тұрғынына сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Прокуратураның мәліметінше, 2025 жылдың шілде айында екі ер адам алдын ала сөз байласып, Тайынша ауданындағы көлдердің біріне заңсыз кәсіппен айналысу мақсатында барған.

Түнгі уақытта олар 336,4 келі Artemia salina жұмыртқасын жинап, оны сату арқылы заңсыз пайда табуды көздеген. Алайда құқық қорғау органдары қызметкерлері оларды оқиға орнында ұстады. Сонымен қатар биоресурстар мен аулау құралдары тәркіленді.

Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, браконьерлік әрекет салдарынан табиғатқа келтірілген залал көлемі 5 952 104 теңгені құраған.

Сот талқылауы барысында айыпталушылар өз кінәларын толық мойындап, келтірілген шығынды мемлекетке өтеп берді. Соған қарамастан, сот қылмыстың пайдакүнемдік сипатын, алдын ала келісіммен жасалғанын және шығынның аса ірі мөлшерін ескеріп, нақты бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау туралы шешім қабылдады.

Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2026 жылғы 21 қыркүйектегі үкімімен қос азамат ҚР ҚК 335-бабы 4-бөлігі 1-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Рақымшылық туралы заң ескеріле отырып, әрқайсысына 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Үкім заңды күшіне енді.

Айта кетейік, Артемия салина жұмыртқалары балық шаруашылығы мен фармацевтикада кеңінен қолданылатын құнды ресурс болғандықтан, оны бақылаусыз аулау су айдындарының экожүйесіне орны толмас зиян келтіреді.