ШҚО-да игерілмей жатқан үш мың гектарға жуық жер мемлекет меншігіне өтті
Қабылданған прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде нарықтық құны 180 миллион теңгеге бағаланған жер учаскелері мемлекет меншігіне толықтай қайтарылды
Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданының прокуратурасы жүргізген талдау нәтижесінде инвестициялық жобаға бөлінген ауқымды жер учаскелерінің игерілмей жатқаны анықталды. Қадағалау органының араласуымен бұл жерлер мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жер заңнамасының сақталуын бақылау аясында прокуратура қызметкерлері инвестициялық жобаны жүзеге асыру үшін берілген бес жер учаскесінің ұзақ уақыт бойы нысаналы мақсатына сай пайдаланылмағанын анықтады.
Прокуратура мәліметінше, биыл тамыз айында жер иесі саналатын ЖШС бизнес-бастаманы одан әрі дамытудан өз еркімен бас тартқан. Бұл шешімге ешқандай әкімшілік кедергілер себеп болмаған.
Алайда жоба тоқтатылғанына қарамастан, нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмаған жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылмаған.
Қабылданған прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде жалпы ауданы 2 930 гектарды құрайтын, нарықтық құны 180 миллион теңгеге бағаланған жер учаскелері мемлекет меншігіне толықтай қайтарылды.
Ведомство өкілдері жер қатынастары саласында заңдылықты қамтамасыз ету және игерілмей жатқан жерлерді анықтау жұмыстары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатынын атап өтті.
