Ақтөбеде адам ұрлап кеткен бес адамның соты басталды
Азаматтардың ешқайсысы өз кінәсін мойындаған жоқ
Ақтөбе қаласының №2 соты адам ұрлау және бұзақылық баптары бойынша айыпталған бес ер адамға қатысты қылмыстық істі қарауға кірісті. Шулы оқиға биылғы жылдың шілде айында болған болатын, деп хабарлайды Azattyq Rýhy HALYQSTAN-ға сілтеме жасап.
Тергеу мәліметінше, оқиғаға бір күн қалғанда Ақтөбедегі «Мәскеу» тұрғын алабында жәбірленуші жаяу жүргіншілер жолағымен өтіп бара жатқан. Сол сәтте Lexus автокөлігі жолақ үстінде тоқтап, жүргізуші мен жаяу жүргінші арасында жанжал туындаған.
Араға бір күн салып, жүргізуші болған оқиға үшін кек алуға бел буған. Ол жаяу жүргіншінің тұрғылықты мекенжайын анықтап, сыбайластарымен бірге үйіне келген. Жәбірленуші өз шаруаларымен таксиге отырмақ болған сәтте, бес ер адам оны көліктен күштеп шығарып, Lexus автокөлігіне отырғызған. Кейін белгісіз бағытқа алып кеткен.
Адам ұрлау сәті сол маңда келе жатқан үшінші көліктің бейнетіркеуішіне түсіп қалған. Куәгер дереу 102 нөміріне хабар берген. Полицейлердің жедел әрекетінің арқасында жәбірленуші құтқарылды.
Қазіргі уақытта іс бойынша сот процесі басталған. Алайда азаматтардың ешқайсысы өз кінәсін мойындаған жоқ.
