Қарағандыда 12 жылдан бері 19 жастағы қыз іздестіріліп жатыр
Қыз белгісіз жағдайда жоғалып кеткен. Туыстары содан бері одан хабар-ошарсыз отыр
Қарағандыда 2014 жылғы 22 қарашада жоғалып кеткен Сұлушаш Рақымжанованы іздеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Ол кезде қыз небәрі 19 жаста болған. Арада 12 жыл өтсе де, туыстары мен еріктілер оның тағдырына қатысты қандай да бір мәлімет табудан үміт үзбеген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жоғалған қыздың оқиғасы әлеуметтік желілерде қайта көтерілді. Туыстары оның 19 жасында түскен суретін және қазіргі 31 жасында шамамен қандай болуы мүмкін екенін көрсететін бейнесін жариялаған.
«Біз оны күтуден де, іздеуден де шаршаған жоқпыз... 2014 жылы туған сіңліміз Сұлушаш жоғалып кетті. Ол кезде небәрі 19 жаста еді. Содан бері оны іздеп, оралуын күтіп, үмітімізді үзбей келеміз», – деп жазды туыстарының бірі Threads әлеуметтік желісінде.

Еріктілердің мәліметінше, Рақымжанова Сұлушаш Рақымжанқызы 1995 жылғы 13 қыркүйекте дүниеге келген. Ол 2014 жылғы 22 қарашада Қарағанды қаласында жоғалып кеткен. Қолда бар ақпарат бойынша, қыз үйінен белгісіз бағытқа шығып кеткен. Содан бері оның қайда екені белгісіз.
Жоғалған қыздың белгілері:
- Бойы: 165–170 сантиметр;
- Дене бітімі: орташа;
- Маңдайында кішкентай тыртық бар;
- Төменгі ернінің астында кішкентай тыртық бар.
Туыстары Сұлушаштың қайда екенін анықтауға көмектесетін кез келген ақпаратқа үміт артып отыр. Олар бейжай қарамайтын азаматтардан іздеу жұмыстарына қолдау көрсетуді сұрайды.
