Миллиардтаған келісімдер Қазақстанға не береді: Тоқаевтың шетелдегі сапарларының нақты нәтижесі қандай
Халықаралық сарапшы Жанат Момынқұлов Оңтүстік Корея, Қытай, АҚШ және Еуропа елдерімен ынтымақтастықтың мүмкіндіктері мен тәуекелдері туралы айтты
Биыл президент Қасым-Жомарт Тоқаев 16 елге іс-сапармен барды. Шетелге жасаған мемлекеттік және ресми сапарларының күн тәртібінде инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу, энергетикалық қауіпсіздікті нығайту және Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру мәселелері жиі қозғалады. Қытай, АҚШ, Германия, Біріккен Араб Әмірліктері, Қатар, Пәкістан және Еуропа елдерімен өткен келіссөздерден кейін миллиардтаған доллардың коммерциялық құжаттарына қол қойылды.
Алайда президенттің шетелге барған әр іс-сапарынан кейін «Қазақстанда не өзгерді?» деген сұрақ пайда болады. Сонымен қатар қол қойылған келісімдер жаңа зауыттардың құрылысына, жұмыс орындарының ашылуына, өндіріс көлемінің артуына қаншалықты ықпал етті деген ой көпті толғандырады. Осы сұрақтарға нақты жауап беру үшін Azattyq Rýhy тілшісі халықаралық саясаттанушы Жанат Момынқұловпен сұхбаттасып, президенттің шетелдік сапарларының Қазақстанға берген пайдасына шолу жасап көрді.
Жанат Момынқұлов Қазақстан үшін сыртқы сапарлардың басты нәтижесі қол қойылған құжаттардың санымен емес, олардың ел ішіндегі экономикалық өзгерістерге ықпалымен өлшенуге тиіс екеніне тоқталды. Сарапшы Оңтүстік Корея, Қытай, АҚШ және Еуропа елдерімен ынтымақтастықтың мүмкіндіктері мен тәуекелдеріне тоқталып, инвестициялық келісімдердің орындалуын ашық бақылау қажеттігін атап өтті.
Оңтүстік Кореямен 19 млрд долларлық келісім: өндіріс, аурухана, қонақ үй салу және Алатау қаласын дамыту
Биыл 15 қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сеулге мемлекеттік сапары аясында Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында жалпы құны 19 млрд доллар болатын 82 коммерциялық құжатқа қол қойылды. Нәтижесінде мұнай өңдеу, автомобиль жасау, медицина, қалалық инфрақұрылым, білім беру және жоғары технологиялар бағыттарында келісім жасасты. Солардың бірқатарына тоқтала кетсек, Кореямен ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі – автомобиль өнеркәсібін жергіліктендіру. Алматыда автокомпоненттер өндірісін дамыту және Қостанайда Kia автокөліктеріне арналған бөлшектер шығару орталығын құру көзделіп отыр. Жанат Момынқұловтың айтуынша, бұл бастамалар іске асса, Қазақстанда тек дайын көлікті құрастырумен шектелмей, оның құрамдас бөлшектерін де өндіруге мүмкіндік туады.
«Қазақстан үшін Корея жоғары технологиясы, дамыған өнеркәсібі және тиімді корпоративтік басқару тәжірибесі бар мемлекет. Астана үшін ең маңыздысы корей технологиясын Қазақстанға әкеліп, өндірісті жергіліктендіру және отандық мамандарды даярлау. Мысалы, автомобиль құрастырудан біртіндеп бөлшектер мен компоненттер өндіруге көшу», – дейді саясаттанушы.
Бұдан бөлек, Алматыда кореялық серіктестермен бірлесіп көпсалалы аурухана салу жоспарланған. Ол бойынша Shin-Line Group пен Оңтүстік Кореяның Hyundae Hospital мекемесі меморандум жасасты. Жоспар бойынша медициналық орталықта кореялық басқару тәжірибесі мен заманауи медициналық технологиялар қолданылмақ. Осы бағытта Қазақстанда ультрадыбыстық медициналық аппараттар өндірісін дамыту қарастырылып жатыр.
Сонымен қатар Оңтүстік Корея Алатау қаласын дамытуға да көмектеспек. Мәселен, Алматы мен Алатау қалаларында Lotte брендімен қонақүй, кеңселер, резиденциялар мен апартаменттер кешенін салады. Бұл бастамалар жүзеге асса, қаладағы қонақүй инфрақұрылымын кеңейтіп, іскерлік және туристік сапарларға арналған қызметтерді дамытуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Алатау қаласында Кореяның ең белді KAIST ғылыми-технологиялық институтының филиалын ашу көзделіп отыр. Мұндай орталықтың құрылуы инженерия, цифрлық технологиялар және ғылыми зерттеулер бағытында мамандар даярлауға жол ашады. Саясаттанушы Қазақстан үшін бұл жобаның маңызы – шетелдік білім беру тәжірибесін елге әкеліп қана қоймай, жаңа өндірістерге қажетті инженерлік және технологиялық кадрларды жергілікті жерде даярлау екенін айтады.
«Кореямен келісімдердің тағы бір бағыты – ұшқышсыз аппараттар өндірісі. Бұл бастама жоғары технологиялық өндірісті дамытуға және отандық мамандардың жаңа технологияларды игеруіне мүмкіндік беретін жобалардың қатарына жатады. Ал мұнай өңдеу зауытын салу жөніндегі бастама елдің мұнайды терең өңдеу әлеуетін арттыруға бағытталған», - деді Момынқұлов.
Саясаттанушы Жанат Момынқұловтың пікірінше, Қазақстан үшін Кореямен ынтымақтастықтың негізгі мәні – жоғары технология мен өндірістік тәжірибені елге тарту.
«Қазақстан үшін Корея жоғары технологиясы, дамыған өнеркәсібі және тиімді корпоративтік басқару тәжірибесі бар мемлекет. Астана үшін ең маңыздысы корей технологиясын Қазақстанға әкеліп, өндірісті жергіліктендіру және отандық мамандарды даярлау. Мысалы, автомобиль құрастырудан біртіндеп бөлшектер мен компоненттер өндіруге көшу. Әйтпесе біз шетелдік брендтердің дайын өнімдерін жинайтын нарық болып қалуымыз мүмкін», – дейді сарапшы.
Бұдан бөлек, сарапшы бүгінгі күні іске асырылып жатқан келісімдердің ішіндегі негізгілеріне тоқтала кетті.
«Кореямен жасалған келісімдердің арасында Жамбыл облысында қалдықтарды өңдеп, электр энергиясын өндіретін зауыт құрылысы бар. Жоба құны – 175 млн доллар. Kazakh Invest мәліметінше, оның құрылысы биыл шілдеде басталған», - дейді маман.
Қытаймен 15 млрд долларлық келісім: Қазақстанда ауқымды зауыттар салынады
Биыл жазда Шанхайда президент Қытаймен жалпы құны 15 млрд доллардан асатын 70-тен астам коммерциялық құжат пен меморандумға қол қойды. Келісімдер көлік-логистика, металлургия, автомобиль жасау және цифрлық технологиялар салаларын қамтыды.
Мәселен, Жетісу облысында «Қорғас – Шығыс қақпасы» дәлізін дамыту және Маңғыстаудың Құрық портында көпфункционалды терминал салу жоспарланды. Бұл жобалар Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттырып, Қытай мен Еуропа арасындағы жүк тасымалын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Өнеркәсіп саласы бойынша Қарағанды облысындағы Qarmet металлургиялық комбинатында кокстық батареялар кешенін салу және Қазақстанда Li Auto, OMODA, JAECOO маркалы автокөліктер өндірісін дамыту көзделіп отыр. Жанат Момынқұлов бұл бастамалар іске асса, металлургияны жаңғыртып қана қоймай, автомобиль бөлшектерін ел ішінде өндіруге де жол ашатынын айтады.
«Бұдан бөлек, мыңдаған қуатты компьютер мен сервер орналасатын Екібастұзда үлкен Data Center Valley деректер орталығы ашылады. Олар интернеттегі ақпаратты сақтап қана қоймай, жасанды интеллект модельдерін үйретеді, күрделі есептеулер жүргізеді және цифрлық қызметтердің жұмысын қамтамасыз етеді. Бұл тұрғыда Қазақстан Huawei компаниясымен де серіктестікті арттырып отыр», - дейді саясаттанушы.
Жанат Момынқұловтың пікірінше, Қытаймен ынтымақтастық Қазақстанға жаңа өндірістер мен технология тартуға мүмкіндік береді. Бірақ мұндай әріптестіктің тәуекелдері де бар.
«Қазақстан үшін Қытай инвестициясы экономиканы әртараптандыруға көмектескенімен, белгілі бір технологияларға, жабдықтарға немесе қаржыландыру көздеріне тәуелділікті күшейтуі де мүмкін. Сондықтан келісімдерде қазақстандық компаниялардың үлесі, технология беру шарттары, деректер қауіпсіздігі және жергілікті кадрларды даярлау мәселелері нақты көрсетілуі қажет», – дейді ол.
Саясаттанушы Қытай инвестициясының біріне де тоқтала кетті.
«Биыл мамырда Ақтөбеде мыс катанкасы мен кабель өнімдерін шығаратын зауыттың құрылысы басталды. Жобаның құны шамамен 100 млн долларға есептелген. Кәсіпорынды 2027 жылы іске қосу жоспарланып отыр. Жоба аясында 250 тұрақты жұмыс орнын ашу көзделген. Дегенмен бұл бастама шілдедегі Шанхай келіссөздерінен бұрын басталғандықтан, оны сол сапардың тікелей нәтижесі деп көрсету дұрыс емес», - деді маман.
Еуропа және АҚШ-пен келіссөздер: 180 млн долларлық зауыт және жаңа жобалар
Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-қа былтыр қарашада және биыл ақпан айында барып, маңызды келіссөздер мен талқылауларға қатысты. Нәтижесінде әлемдегі нөмірі бірінші алпауыт елмен құны 17 млрд долларлық құжаттарға қол қойды. Саясаттанушының пайымынша, Вашингтон Қазақстанды Орталық Азиядағы стратегиялық ресурстар мен жеткізу тізбектерін әртараптандыруға мүмкіндік беретін мықты серіктес ретінде қарастырады.
Нәтижесінде АҚШ Қазақстанда ауыл шаруашылылық техникасын құрастыруды, вольфрам кең орнын салу ұсынысын білдіріп, келісім орнатқан еді. Ал авиация саласында Boeing компаниясымен әріптестікті кеңейту мәселесі көтерілді. Атап айтқанда, Air Astana мен SCAT әуе компанияларының ұшақ паркін жаңарту, Қазақстанға Boeing 787 Dreamliner ұшақтарын жеткізу және Шымкентте ұшақтарға техникалық қызмет көрсету орталығын ашу мүмкіндігі қарастырылды.
Осылайша, АҚШ-пен келіссөздер тек сауда-саттықпен шектелмей, өндіріс, медицина және көлік салаларын дамытуға бағытталды.
Момынқұловтың пікірінше, Қытай, АҚШ, Еуропа және Оңтүстік Кореямен қатар жұмыс істеу Қазақстанның экономикалық таңдау мүмкіндігін кеңейтеді. Әр серіктестің өз артықшылығы бар: Қытай – өндіріс пен инфрақұрылым, АҚШ – жоғары технология мен қаржы, Еуропа – өңдеу өнеркәсібі мен жасыл технология, ал Оңтүстік Корея – машина жасау, электроника және өнеркәсіптік басқару тәжірибесі.
«Бірнеше елмен келісім жасау автоматты түрде экономикалық тәуелсіздік бермейді. Егер Қазақстан тек шикізат жеткізуші болып қалса, серіктестер саны көбейгенімен, экономикалық модель өзгермеуі мүмкін. Сондықтан көпвекторлылықтың келесі кезеңі дипломатиялық әртараптандырудан өндірістік және технологиялық әртараптандыруға өту», – дейді саясаттанушы.
Миллиардтаған келісім қарапайым халыққа қалай әсер етуі керек?
Халықаралық сапарлардан кейін жарияланатын миллиардтаған долларлық көрсеткіштер қоғамда үлкен үміт тудырады. Алайда келісімнің жалпы құны елге дәл осынша ақша келді дегенді білдірмейді. Жанат Момынқұловтың пікірінше, коммерциялық құжаттардың арасында инвестициялық келісімдермен қатар меморандумдар, ниет хаттары және болашақ жобаларды бірлесіп қарастыру туралы уағдаластықтар да болуы мүмкін. Сондықтан жарияланған қаржыны нақты игерілген инвестиция ретінде қабылдауға болмайды.
Саясаттанушының айтуынша, шетелдік компаниялармен жасалған келісімдердің нәтижесін қарапайым азамат жаңа жұмыс орындары, тұрақты табыс, сапалы өнім мен қызмет, жаңа мамандықтарды меңгеру мүмкіндігі арқылы сезінуі керек.
«Қарапайым азамат үшін президенттің қанша елге барғаны немесе қанша миллиард долларлық келісім жасалғаны бірінші кезекте аса маңызды емес. Халықты нақты нәтижелер қызықтырады. Мәселен, жаңа жұмыс орындары ашыла ма, жалақы өседі ме, сапалы өнім мен қызмет қолжетімді бола ма, жастар жаңа мамандықтарды меңгере ала ма?» – дейді Жанат Момынқұлов.
Оның сөзінше, жаңа автомобиль зауыты ашылса, оның айналасында бөлшек шығаратын кәсіпорындар, инженерлік қызметтер, логистика және техникалық білім беру саласы дамуы қажет. Ал технологиялық орталықтарда қазақстандық жастар тек қарапайым қызметкер емес, инженер, зерттеуші, бағдарламашы және басқарушы ретінде жұмыс істеуге мүмкіндік алуы тиіс.
Мұндай жобалар кейінге шегерілсе немесе мүлде жүзеге аспаса, жоспарланған инвестиция, жұмыс орындары мен салық түсімдері де кешігеді. Егер мемлекет жоба үшін инфрақұрылым дайындап, жер бөліп немесе қаржылық кепілдік берген болса, қосымша шығын туындауы мүмкін. Сонымен бірге инвесторлар алдындағы елдің іскерлік беделіне де әсер етеді.
«Кез келген жобаның тоқтатылуын міндетті түрде сәтсіздік деп бағалауға болмайды. Кейде қаржыландыру құнының өсуі, нарықтағы жағдайдың өзгеруі немесе жобаның экономикалық тиімсіздігі оны қайта қарауға мәжбүр етеді. Ең бастысы – мұндай шешімдердің ашық әрі негізді болуы. Қазақстанға енді келісімдердің жалпы сомасын жариялаумен қатар, олардың орындалу нәтижесін жүйелі түрде көрсететін ашық мониторинг қажет», – дейді саясаттанушы.
Жанат Момынқұловтың пайымдауынша, президент халықаралық деңгейде келіссөз жүргізіп, инвестиция тартуға саяси жағдай жасай алады. Алайда келісімдерді нақты өндіріс пен жұмыс орнына айналдыру – үкіметтің, министрліктердің, әкімдіктердің және ұлттық компаниялардың міндеті.
