Оқушылар арасындағы өлім-жітім: мектеп медбикесі мен психолог баланың денсаулығына қаншалықты жауапты

Мектептегі медбикенің міндеті тек дене шынықтыру сабағында жарақат алған балаға алғашқы көмек көрсету немесе температура өлшеумен шектелмейді

Оқушылар арасындағы өлім-жітім: мектеп медбикесі мен психолог баланың денсаулығына қаншалықты жауапты
Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Қазақстанда жаңа оқу жылы басталғаннан бері бірнеше оқушы мектепте жараланып, арты тіпті қайғылы жағдайға ұласты. 18 қарашада Қонаев қаласындағы мектепте үшінші қабаттағы баспалдақтан құлаған 11 жастағы бала ауруханада көз жұмды. Дәрігерлер екі тәулік бойы баланың өмірі үшін күрескенмен, оқушы көз жұмды. 

Оның алдында, 9 қазанда Жетісу облысының Сарқан ауданындағы Алмалы ауылында сыныптастар арасындағы жанжалдан кейін сегізінші сынып оқушысы қаза тапты. Ал қыркүйекте Жамбыл облысының Қордай ауданында 14 жастағы оқушының өлімі қоғамда үлкен сұрақ туғызды. Астанада да екі оқушы бір мезетте жоғары қабаттан секіріп кетті. Бұл жағдай бойынша да қылмыстық іс қозғалған.

Әр оқиғаның себебі мен мән-жайы әртүрлі болғанымен, мұндай қайғылы жағдайлар мектептегі балалар қауіпсіздігі, олардың денсаулығын бақылау және шұғыл көмек көрсету жүйесіне қатысты мәселені күн тәртібіне шығарды. Оқушы мектепте өзін жайсыз сезінсе, жарақат алса немесе өміріне қауіп төнетін жағдайға тап болса, оған кім және қандай көмек көрсетуге дайын? Мектеп медбикелері мен оқушының мінез-құлқындағы өзгерісті байқауы тиіс психологтардың кәсіби біліктілігі мен құзыреті осындай сәттерде қаншалықты маңызды? Azattyq Rýhy тілшісі осы мәселеге көз жүгіртті.

Мектептегі медбикенің міндеті тек дене шынықтыру сабағында жарақат алған балаға алғашқы көмек көрсету немесе дене қызуы байқалған баланың жағдайын тексерумен шектелмейді. Оның жұмысына балалардың денсаулығын бақылау, аурулардың алдын алу, профилактикалық тексерулерді ұйымдастыру және дәрігерлердің ұсынымдарының орындалуын қадағалау да кіреді. Алайда мектептердегі медициналық қызметтің мүмкіндігі, мамандардың жүктемесі мен кәсіби даярлығы бұл міндеттердің барлығын толық орындауға жете ме?

Оқи отырыңыздар: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің тағы бір студентіне қатысты шұғыл ақпарат тарады

Астанадағы №24 мектепті мысалға алсақ, мұнда шамамен 2500 оқушы білім алады. Олардың денсаулығына екі медбике жауап береді. Мектепте дәрігер де бар, бірақ ол бірнеше білім беру ұйымында жұмыс істейді. Ал медициналық кабинет таңғы сағат 08:00-ден кешкі 20:00-ге дейін қызмет көрсетеді.

Мектеп медбикесі Айтолған Хожамырадованың айтуынша, күнделікті жұмыстың негізгі бөлігі оқушыларға алғашқы көмек көрсетуге, профилактикалық шараларды ұйымдастыруға және денсаулығына қатысты мәселелерді бақылауға бағытталған.

«Дене шынықтыру сабағында немесе баспалдақта бала құлап, жарақат алып қалса, алғашқы көмекті біз көрсетеміз. Кейін қажет болса, жедел жәрдем шақырамыз. Оқушының іші ауырып немесе дене қызуы көбейсе, ата-анасының рұқсатымен дәрі береміз. Көбіне алғашқы көмек көрсетеміз», – дейді ол.

Медбикелердің жұмысы мұнымен аяқталмайды. Олар оқушыларды профилактикалық тексерулерге дайындап, қажетті тізім жасайды, ата-аналардан келісім алады. Мәселен, мектепте манту сынамасын жүргізу кезінде алдымен сынып жетекшілерінен оқушылардың тізімі жиналады. Балалардың денсаулық паспорттары тексеріліп, тексеруден өтетіндер анықталады. Содан кейін ата-аналарға келісімхат жіберіледі. Ал сынаманы дәрігер ата-анасының рұқсатымен жүргізеді.

Бұдан бөлек, оқушылар 15 жастан бастап флюорографиялық тексеруге жіберіледі. Медбикелер тексеруден өткен және өтпеген балаларды есепке алып, медициналық құжаттарын реттейді.

«Одан бөлек, біз күнделікті оқушылардың ішіп-жейтін тамақтарын бақылаймыз. Таңғы және түскі асқа дейін медбикелер мәзір бойынша тамақтарды тексеріп, рационын қарап, журналға есебін жүргізіп отырамыз. СЭС-тің мәзірде бекітіп берген өнімінен артық тағам түрлерін беруге болмайды. Соның барлығы біздің де жауапкершілігімізге кіреді», - дейді Айтолған Хожамырадова.

2500 оқушыға екі медбике жете ме

Мектептегі медициналық қызметтің тиімділігін бағалағанда мамандардың кәсіби біліктілігімен қатар, олардың санына да назар аудару қажет. Өйткені бір медбикеге түсетін жүктеме артқан сайын әр баланың денсаулығына жеке көңіл бөлу мүмкіндігі де азаяды.

Денсаулық сақтау министрінің 2023 жылғы 14 наурыздағы №37 бұйрығымен бекітілген орта білім беру ұйымдарында медициналық көмек көрсету стандарты бойынша мектептердегі медбикелердің штаттық саны 700 оқушыға бір маман есебінен белгіленген. Ал екі және үш ауысымда оқитын мектептерде кемінде екі медбике лауазымы қарастырылған.

Осы нормативті №24 мектептегі оқушылар санына шақсақ, 2500 балаға шамамен 3,5 штат бірлігі қажет болады. Ал мектепте екі медбике жұмыс істейді. Бұл жерде олардың толық штатта жұмыс істейтін-істемейтіні мен нақты штаттық бірлігін де анықтау қажет. Дегенмен бұл мысал мектеп медицинасы мамандарының жүктемесіне қатысты сұрақ туындатады.

Айта кеткен жөн, мектептерді медбикелермен қамтуға денсаулық сақтау ұйымдары да жауапты. Мәселен, біз айтып отырған №24 мектептің медбикелері «Шипагер» емханасының атынан қызметін атқарып отыр.

«Мектепте буллинг көп». Мектеп психологы баланың мінез-құлқын бақылай ала ма 

Мектептегі баланың қауіпсіздігі оның физикалық денсаулығымен ғана шектелмейді. Оқушының психологиялық жағдайы, сыныптастарымен қарым-қатынасы, буллинг пен агрессияға ұшырау қаупі де назарда болуы керек. Бұл ретте мектеп психологтарына жүктелетін міндет аз емес.

Астанадағы №24 мектептің психологы Жансая Бәкіржанның айтуынша, қазір мектеп мамандары оқушылардың психологиялық жағдайын бақылау үшін «Балажан» платформасын пайдаланады. Оның көмегімен балалар компьютерлік диагностикадан өтіп, нәтижесіне қарай жасыл, сары және қызыл аймақтарға бөлінеді. Сары және қызыл аймақтағы оқушылармен жеке жұмыс жүргізіледі.

«Біз жылдық жоспар бойынша оқушыларды жылына төрт-бес рет диагностикадан өткізіп, олардың көңіл-күйін бақылап отырамыз. Ата-аналармен, мұғалімдермен де жұмыс істеу біздің құзыретімізге кіреді», – дейді психолог.

Оның сөзінше, тест нәтижесінде қызыл аймаққа түскен балалардың бәріне бірдей күрделі психологиялық мәселе бар деп айтуға болмайды. Кейде оқушы сұрақты дұрыс түсінбей немесе қалжыңдап жауап беруі мүмкін. Сондықтан мұндай балалармен жеке сөйлесіп, жағдайын қосымша бағалайды. Қажет болған жағдайда арнайы мамандарға жолдайды.

«Қазір біздің мектепте қызыл аймақтағы балалар жоқ. Бұған дейін қызыл аймақта болған 30 шақты оқушымен жеке жұмыс жүргіздік. Нәтижесінде оларды сары аймаққа ауыстырдық. Ал кейбірін арнайы мамандарға бағыттадық», – дейді Жансая Бәкіржан.

Психологтың айтуынша, мектепте буллинг, бір-бірін кемсіту және агрессивті әрекеттер кездеседі. Мұндай жағдайларда мамандар алдымен оқушымен, кейін ата-анасымен, сынып жетекшісімен және сыныптастарымен жұмыс істейді. Мектепте бұл іске психологтар, әлеуметтік педагогтер мен тәрбие жұмысына жауапты мамандардан құралған мобильді топ та қатысады.

«Қазір балалар арасында бір-бірін мазақтау, кемсіту жағдайлары бар. Мұндай кезде ең алдымен балалармен сөйлесіп, бұның жаман екенін түсіндіреміз. Сыныптарға кіріп, балалармен тікелей сөйлесеміз», – дейді ол.

Мектеп психологтары ата-аналармен де тұрақты байланыста болады. Олардың өтініші бойынша оқушыларға жеке консультация өткізіп, қажет болса, отбасымен бірлесіп жұмыс істейді. Ал деструктивті немесе ауто-деструктивті мінез-құлық белгілері байқалған балаларды тиісті бейінді мамандарға бағыттайды.

Алайда психологтардың жұмысына кедергі келтіретін мәселе де бар. Мамандардың айтуынша, қолданыстағы норматив бойынша 700 оқушыға бір психолог қарастырылғанымен, мектептерде кадр тапшылығы сезіледі.

№24 мектепте үш психолог 2500-ге жуық оқушының психологиялық жағдайын бақылап, профилактика жасайды. Бұл әр баламен жеке жұмыс істеуге бөлінетін уақыттың аз екенін айқындайды. Осы орайда мектеп психологтарының саны ғана емес, кәсіби даярлығы, құзыреті және күрделі жағдайларда басқа мамандармен бірлесіп жұмыс істеу мүмкіндігі де маңызды.

Біздің Instagram және TikTok желісіндегі парақшаларымызға жазылыңыздар.