Біреудің балағат сөз айтқан сәтін видеоға түсіріп, желіге жариялаған адам жауапқа тартыла ма

Арман Қырықбаевтың айтуынша, егер видео балағат сөздерді тарату үшін емес, заңбұзушылықты әшкерелеп, құқық қорғау органдарына хабарлау мақсатында түсірілсе, автор жауапкершілікке тартылмайды

Біреудің балағат сөз айтқан сәтін видеоға түсіріп, желіге жариялаған адам жауапқа тартыла ма
Фотоколлаж Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Қазақстанда әлеуметтік желілерде балағат сөздер қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгені белгілі болды. Осыған байланысты өзге адамның балағат сөз айтқан сәтін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаған азаматтың өзі де жауапқа тартыла ма деген сұрақ туындады. Бұл мәселеге Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев жауап берді.

Құрылтайдағы брифингте Azattyq Rýhy тілшісі министрден біреудің балағат сөз айтып жатқанын видеоға түсіріп, кейін оны әлеуметтік желіге жариялаған жағдайда видео авторына қандай жауапкершілік қарастырылатынын сұрады.

Арман Қырықбаевтың айтуынша, егер видео балағат сөздерді тарату үшін емес, заңбұзушылықты әшкерелеп, құқық қорғау органдарына хабарлау мақсатында түсірілсе, автор жауапкершілікке тартылмайды.

«Біз ұсынған жобада егер заңбұзушылық болып, біреудің балағаттап жатқан сәтін видеоға түсірсеңіз, түсірген күннің өзінде оны таралу мақсатында емес, оны әшкерелеу мақсатында, яғни құқық қорғау органдарына, тиісті органдарға тарату мақсатында түсірілген болса, онда ешқандай жауапкершілік белгіленбейді», – деді министр.

Айта кетейік, бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрлігі масс-медиа мен онлайн-платформаларда балағат сөздер қолданғаны үшін әкімшілік жауаптылық енгізілетіні туралы мәлімдеген болатын. Жаңа норма азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетін цифрлық кеңістікте қорғауға бағытталған.