Қазақстандағы балалардың 7,1 пайызына жыныстық сипаттағы хабарлама келеді: депутат дабыл қақты

Айтуынша, цифрлық ортадағы қауіптерді тіркейтін механизім жоқ

Қазақстандағы балалардың 7,1 пайызына жыныстық сипаттағы хабарлама келеді: депутат дабыл қақты
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Балаларды физикалық қауіптен бөлек, цифрлық кеңістіктегі қатерден де қорғау керек. Мысалы, елдегі балалардың 7,4 пайызы айына кем дегенде бір рет жыныстық сипаттағы контент көрсе, ал 7,1 пайызына осындай мазмұндағы хабарламалар келеді. Бұл туралы «Қазақстан балалары – 2026-2030» зерттеуінде айтылған. Осы мәселені көтерген «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі, Құрылтай депутаты Әсел Баденова жауапкершілікті күшейтуді ұсынып, Ішкі істер министрі Ержан Саденовке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Бүгінде цифрлық орта өмірдің бір бөлігіне айналды. Ал дәл осы ортада балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек. Сондай кауіптің бірі – киберфлешинг. Яғни, адам сұрамаса да әлеуметтік желі немесе және басқа цифрлық арналар арқылы жыныстық сипаттағы суреттер мен материалдарды жіберу», - деп түсіндірді депутат.

Айтуынша, қылмыс белгілері жоқ, бірақ балаға жыныстық сипаттағы материалдарды қасақана жіберген адамға қандай жауапкершілік қарастырылған? Осы сұрақ әлі де өзекті.

«Ең маңыздысы, осындай жағдайларда мемлекетте нақты механизм, ал ата-аналар мен балаларда  көмек алу мүмкіндігі болуы керек. Қауіпті әрекеттер трагедияға айналмас бұрын оның алдын алу керек», - деп есептейді Әсел Баденова.

Сонымен қатар Ішкі істер министрлігінің ресми статистикасына тоқталды. Ондағы дерек бойынша, жыл сайын балаларға қатысты 800-ден астам қылмыс тіркеледі. Ал 2026 жылдың сегіз айында 624 қылмыс тіркелген.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қылмыстың салдарымен ғана күресуге болмайтынын айтты. Бұл қағида цифрлық ортада да жүзеге асуы керек. Балаларды зорлық-зомбылықтың кез келген түрінен қорғау «Әділет» партиясының бағдарламасында көзделген», - деді ол.

Әрі цифрлық ортадағы қауіптерді тіркейтін механизімнің де жоқ екеніне назар аударды. Яғни, киберфлешинг фактілері бойынша жеке есеп жүргізілмейді.

«Осыған байланысты Ішкі істер министрлігінен осы құқықтық кемшілікке қатысты позициясын білдіруді, қылмыс белгілері болмаған жағдайда, адамға оның сұрауынсыз жыныстық сипаттағы материалдарды жібергені үшін жауапкершілікті күшейтуді сұраймын. Бізге жай тәсіл емес, балаларды цифрлық ортада қорғайтын нақты әрі уақтылы шаралар қажет», - деп түйіндеді депутат Әсел Баденова.