Каспийдің 16 мың шаршы шақырым аумағы тартылып қалды: депутат үкіметтен жағдайды бақылауды сұрады

Соңғы 25 жылда Каспий теңізінің акваториясы 16 мың шаршы шақырымға азайған 

Каспийдің 16 мың шаршы шақырым аумағы тартылып қалды: депутат үкіметтен жағдайды бақылауды сұрады
Фотоколлаж Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Қазақстанда Каспий теңізінің тартылуы салдарынан Солтүстік Каспий аумағында шаңды дауылдар жиілеп, тұзды тозаң «балшық жауыны» түрінде түсіп жатыр. Осыған байланысты «Әділет» партиясы фракциясының депутаты Арман Хайруллин Үкіметтен Каспийді қорғауға бағытталған экологиялық шараларды қаржыландыруды талап етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Депутат Арман Хайруллин Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа жолдаған сауалында соңғы 25 жылда Каспий теңізінің акваториясы 16 мың шаршы шақырымға азайғанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, тартылған теңіз табанынан көтерілген тұзды шаң қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына қауіп төндіріп отыр. Сондықтан депутаттар Арал теңізінің тәжірибесі негізінде құрғаған аумақтарға фитомелиоранттар егуді ұсынады.

«Осыған байланысты Арал тәжірибесі негізінде кепкен аумақтарға фитомелиоранттар егу қажет. Әлихан Бөкейхан атындағы институт Атырау өңірін шаңды дауылдардан қорғау жобаларын әзірлеу үшін 222,9 млн теңге бөлуді ұсынып отыр. Қаржыландырылуы әзірге қаралмаған», – деп атап өтті депутат.

Депутат Каспийдегі балық қорының азаюына да алаңдаушылық білдірді. Сауалда теңіздің қазақстандық бөлігінде бекіре тұқымдас балықтардың биологиялық сыйымдылығы 1 миллион тоннадан 5,9 мың тоннаға дейін төмендегені, яғни әлеуеті 99,4 пайызға азайғаны айтылған.

«Сонымен қатар соңғы алты жылда кәсіпшілік қара балық көлемі 29 пайызға қысқарған. Ал Каспий итбалығының саны ХХ ғасырдың басындағы 1 миллионнан қазіргі 270 мыңға дейін азайған. Бұған браконьерлікпен қатар теңіз қайраңында көмірсутектерді кең көлемде өндіру де әсер етіп отыр», деді депутат.

Арман Хайруллин Каспийдегі экологиялық мониторинг жүйесінің жеткіліксіз екенін де көтерді.

«Өкінішке қарай, бүгінде Каспий Экология министрлігі үшін бақылаусыз, соқыр аймаққа айналды. Теңізде ауа мен судың сапасын бақылайтын бірде-бір стационарлы станция жоқ. «Қазгидромет» мониторингті тек жағалаудағы 50 нүктеде жүргізеді», – делінген депутаттық сауалда.

Осыған байланысты депутат «Қашаған» сияқты ірі кен орындарын игеру аумақтарының айналасында мемлекеттік экологиялық бақылау бекеттерін орнату бағдарламасын әзірлеуді ұсынды.

Бұдан бөлек, депутат ірі табиғат пайдаланушы компаниялардың экологиялық жауапкершілігі мен міндетті сақтандыру көлемі жеткіліксіз екенін атап өтті. Олар ірі кәсіпорындардың экологиялық сақтандыру сомасын халықаралық стандарттарға сәйкестендіріп, бұл туралы ақпараттың ашықтығын қамтамасыз етуді сұрады.

Сондай-ақ депутат 2024 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған «Каспий теңізі» ғылыми-зерттеу институтының қаржылық жағдайына алаңдаушылық білдірді. Оның сөзінше, институт Каспийдің экологиялық сезімталдық картасын әзірлеу үшін тұрақты қаржыландырылуы қажет.

Осыған байланысты депутат Үкіметтен төрт мәселені шешуді сұрады:

  1. Солтүстік Каспийде фитомелиорация арқылы шаңды дауылдардан қорғау жобаларын әзірлеу және жүзеге асыруды қаржыландыру.
  2. Каспийдегі кен орындарының айналасында мемлекеттік стационарлы экологиялық бақылау бекеттерін орнату бағдарламасын әзірлеу.
  3. Ірі компаниялардың экологиялық сақтандыру сомаларын халықаралық стандарттарға сәйкестендіріп, экологиялық ақпараттың ашықтығын қамтамасыз ету.
  4. 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджеттен «Каспий теңізі» ғылыми-зерттеу институтын тұрақты әрі тиісті деңгейде қаржыландыру.